Ірі компанияларды жекешелендіруде "Астана" ХҚО-ның алаңы тарлық етіп отыр

779

Ірі компанияларды жекешелендіруде "Астана" ХҚО-ның алаңы тарлық етіп отыр

7 ұлттық ірі компанияны жекешелендіруге ерекше көңіл бөлініп отыр, олардың үшеуі "IPO/SPO"-ға дайындалуда. Бұл туралы бүгін мәжілістегі үкіметтік сағатында айтылды, деп хабарлайды abctv.kz.

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов еліміздің ең ірі кәсіпорындарын, ұлттық компанияларын сату "стратегиялық инвесторларды тарту немесе IPO тетіктері арқылы қор нарығына шығару жолымен" жүзеге асырылатынын жеткізді. 
Бұдан бұрын олардың "Астана" халықаралық қаржы орталығы алаңында саудаға шығарылатыны хабарланған еді. Осылайша, АХҚО-ның алғашқы қадамын ірі ету де көзделген. Алайда бұл қаржы орталығы туралы әлемдегі алпауыт инвесторлар мен бизнес орта көп білмейтіндіктен әрі сенім деңгейі төмендігіне байланысты, енді басқа алаңдарды да қарастыру жоққа шығарылмайтыны мәлім болды. Әйтпесе, инвесторлар үлкен қызығушылық танытпаса, ұлттық стратегиялық активтер арзанға бағаланып кетуі, көп қаржы жинай алмауы ықтимал.

"Еліміздің акционерлік капиталының ішкі нарығын дамыту және оның өтімділігін қамтамасыз ету IPO мақсаттарының бірі. Сондықтан ұлттық компаниялардың акцияларын "Астана" халықаралық қаржы орталығының алаңында орналастыру басым нұсқа болып табылады", – деген ұлттық экономика министрі "басым" болғанымен, бірақ "жалғыз нұсқа" еместігін растады.

Бұл ретте "депозитариялық қолхаттар" (GDR) түрінде шетелдік алаңдарда бір мезгілде листинг жүргізу нұсқасы қаралуда, бұл қосымша өтімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, сондай-ақ шетелдік инвесторлар арасында акциялардың тартымдылығын жоғарылатады.

Елді әрине, қандай "жеті ұлттық қазынаның" сөреге шығарылатыны қызықтырса керек. Атап айтқанда 2018 жылдың бірінші жартысының соңына дейін "Қазақтелекомның" акцияларын орналастыру мүмкіндігі қарастырылуда. Сондай-ақ "Қазатомөнеркәсіп" пен "Эйр Астананың" 2018 жылдың 4-тоқсанына қарай IPO-ға шығуы жоспарлануда. Бұл ретте олардың акцияларын орналастырулардың түпкілікті мерзімі компаниялардың қаржылық жағдайы, макроэкономикалық жағдай, шикізаттың әлемдік бағалары ескеріле отырып белгіленетін болады. "ҚазМұнайГаз", "Самұрық-Энерго", "Қазпочта" және "ҚТЖ" компаниялары бұл оқиғаны 2019-2020 жылдары бастан кешеді деп күтілуде. Қазір жоспарланып отырған IPO/SPO-ның қорытынды параметрлерін айқындау жұмыстары жүргізілуде. Тұтастай алғанда 2017 жылы 546 ұйым мемлекеттік сектордан шығарылды, оның ішінде: 190 сатылған ұйым және таратылған 356 ұйым бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу