Биылғы жылдың алғашқы тоғыз айында ірі және орта бизнес 9,2 трлн теңгеге өнім шығарып, қызмет көрсетті, деп хабарлады Finprom.kz.
Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,7%-ға жоғары (8,7 трлн теңге). Мұнда ішкі жалпы өнімнің үлесі 20,7%-ды құрады.
Атырау облысы өндіріс бойынша ең жоғары нәтижеге қол жеткізді. Мұнайлы өлке 1,9 трлн теңгеге өнім шығарған. Бұл жалпы көрсеткіштердің 20,7%-ы. Сонымен қатар көш басындағы үштікке Алматы (1,7 трлн теңге) мен Нұр-Сұлтан (1,5 трлн теңге) қалалары кірді. Аталған өңірлерге жалпы өндіріс пен қызмет көрсету бойынша көрсеткіштердің 55,9%-ы тиесілі.
Биылғы жылдың қараша айының соңындағы мәліметтер бойынша елімізде 2,3 мың ірі, 6 мың орта бизнес жұмыс істейді.
Бұл ретте ең жоғары нәтижелерді, яғни, жалпы өндірістің 26%-ы (2,4 трлн теңге) тау-кен барлау саласы көрсетті. Ал өңдеуші өнеркәсіп көрсеткіштері 22,6%-ға жоғарылап, 2,1 трлн теңгені құрады.