Былтырдан бері Павлодар облысындағы ауа райы жергілікті жұртшылықты таңғалдырып, әуре-сарсаңға салып келеді. Ала жаздай жаңбыр жаумай, күзде шаруалар қуаңшылықтың зардабын тартқаны белгілі. Енді желтоқсаннан бастап біресе қар, біресе жаңбыр жауып, бірде күн күрт жылып, енді бірде сақылдаған сары аяз түсіп, тағы қиналып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Әсіресе, Екібастұз қаласына қарасты ауылдық аймақтар мен Ақтоғай, Ертіс, Железин аудандарындағы жағдай қиын. Бұған дейін жауған жаңбырдың соңы көк мұзға айналып, жылқылар тебіндей алмай қалды. Сол себепті күзден бері жайылымда жүрген жануарларды қораға әкелуге тура келді. Оның өзінде көктайғақтан жылқылар жүре алмай, ауылдағы ағайын амалын тауып, трактормен тіркемеге көтеріп, әупірімдеп жүріп жеткізді. Аздап қоң жинағандары қырда қалды. Себебі тұрғындардың жылқының барлығын бірдей жайлауға шамасы жетпейді.
"Былтыр аптап ыстық боп, бір тамшы жауын түспей, қиналып қалғанымыз бар. Мұны кәсіпкерлер өз пайдасына шешіп, шөптің бағасын бірден қымбаттатып жіберді. Алдыңғы жылы бір тіркемесін 50 мың теңгеге алсақ, былтыр 80 мың теңгеге сатып алдық. Сондықтан азықтың көлемін азайтуға тура келді. Ол кезде жылқылардың қыс бойы далада жүретінін ескердік. Енді көк мұз бен қақаған аязда қораға қоюдан басқа амал болмай тұр. Көктемге дейін аз қалған шөпті бес бас жылқының бәріне бірдей жеткізе алмаймын. Сондықтан құлынды биені ғана әкеліп, үш басты далада қалдырдым", - дейді тұрғын Амангелді Бейсенбаев.
Енді бірі шөптің өзі әбден көтерем болып қалған жылқыларды аяқ нық тұрғызуға жетпей қала ма деп қауіптенеді.
"Жылқыларды бірнеше жігіт жүріп, әрең дегенде көтердік. Малдар әбден ашыққан, әлдері кеткен. "Көтеріліп кетпейді-ау" деген күмәннің бары да рас. Қолдан келгенше күтіп көреміз енді. Ол үшін қосымша жем-азық алып жатырмыз. Әйтпегенде, жағдай тіпті қиындай түсуі мүмкін", - дейді тағы бір тұрғын Балтабай Сейтенов.
Қысқасы, тұрғындар 2012 жылғы жұт қайталана ма деп алаңдап отыр. Мәжіліс депутаты Нұржан Әшімбетов те жедел арада төтенше жағдай жарияланбаса, мәселе күрделеніп кетуі ықтимал екенін алға тартты.
"Ақмола, Қарағанды, Павлодар өңірлеріндегі жайылымдарды мұз басуына байланысты табында жүрген жылқы малының өлу оқиғалары орын алып отыр. Өткен жылдың қуаңшылығына байланысты көптеген өңірде егіндік жерлер ғана емес, шабындықтар да зиян шекті. Сондықтан бүгінде жем-шөптің аздығынан жылқыларды үй маңында ұстау қиын болып тұр. Соған орай облыстарда жедел штабтар құрып, қажет болса, жергілікті аумақтарда төтенше жағдай жариялауды сұраймыз. Өңірлердің тұрақтандыру қорларындағы, ал қажет болған жағдайда "Азық-түлік корпорациясының" жемшөп қорларындағы жемшөпті де пайдалануды ұйымдастыру керек. Бұған қоса мал тебіндейтін жерлердегі қар бетін бұзу үшін механикалық өңдеу жасауға көмек көрсетілу керек", - деді ол өзінің депутаттық сауалында.
Павлодар облысындағы ауыл шаруашылығы саласына жауапты басқарма өкілдері жағдайды күн сайын бақылауда ұстап отырғанын атап өтті. Өңірдегі аудан-қалаларда жедел штабтар құрылып, жылқылардың мәселесін назарға алғанға ұқсайды. Тұрақтандыру қорындағы 5 мың тонна шөпті аудандарға бөліп, түліктерді аман алып қалудың амалын жасауда.
Айта кетейік, облыста шамамен 83,5 мың жылқы бар. Әзірше Ақтоғай ауданында ғана 10-ға жуық жылқының тебіндей алмай, шығын болғаны туралы дерек бар. Бұл сан көбейіп кетпес үшін ауылдағы ағайын өз күшімен амалдап, қыр-тоғайда жүрген жылқыларды қораларына қамауда. Ал бақташылардың жетегінде қалған жылқылардың жағдайы қалай болары әзірге белгісіз. Олар азды-көпті қоң жинады дегенмен, аймақтағы аяздың әлі сынар түрі жоқ. Демек, көк мұздың жақын күндері ери қоюы екіталай. Бұл жылқылардың тебіндеуіне кері әсер етпей қоймайды.