Каналдардың тазаланбауынан шаруалар шығынға батып отыр

385

Түркістан облысы Жетісай ауданындағы шарулар каналдардың ластануынан зардап шегіп отыр.

Каналдардың тазаланбауынан шаруалар шығынға батып отыр Фото: Inbusiness.kz

Айтуларынша соңғы 5 жылда аймақтағы шағын су арналарының көбі тазаланбапты. Салдарынан каналдардың түбіне саз толып судың сиымдылығы азайған. Соның кесірінен дихандарға тиісті деңгейде ылғал  жетпей шығынға батуда, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Ал, оны күтіп ұстауға жауапты ҚазСушар мекемесі ақша жинаудан басқа түк бітірмейтін көрінеді.

Жылысу ауылдық округіндегі  10-нан астам диханның 100 гектардай жерін суаратын каналдың қазіргі жағдайы осы. Соңғы 5-6 жылдан бері тазаланбағандықтан арнаның су өткізу қабілеті төмендеп кеткен. Салдарынан шаруалар қысы-жазы ағын судың азабын тартып келеді.  

"Бес жылдан бері бір адам келіп ештеңе тазалаған жоқ.  Су жүрмей қалған. Алдыңғы жыл судан қалып кетті. Былтыр да қалды, биыл да қалды. Ауыл әкіміне айттым, аудан әкіміне де хат жаздым", - дейді шаруа Сапарбек Адамбеков.

Жалпы Жетісай ауданында 89 мың гектар суармалы жер бар. Соның 51 мың гектары ҚазСуШар мекемесінің меншігіндегі су арналары арқылы суарылады. Соңғы уақытта каналдар тазаланбағандықтан дихандардың дені шығынға батқан. Соның бірі Сәден Адамбеков. Былтыр көктемде несие алып жеті гектар жерге мақта еккен шаруа судың жетіспегенінен шаш етектен шығынға батқан.

"25 млн теңге кредит алғанбыз көктемде. Судың болмауынан мақтаның өсімі төмен түсіп кеткеннен кейін төлей алмай отырмыз. Бұны қалай төйлейміз енді, арғы жағы не болатынын", - дейді шаруа Сәден Адамбеков.

Қажетті суды жеткізіп бере алмаған мекеме басшылығы болса су арналарының майда тармақтарын тазаламаймыз деп жұмысындағы кемшілікті ашып айтты. Аудандағы бөлімше басшысының сөзінше,  мекеме тек үлкен каналды күтіп ұстауға қауқарлы.

"Тазалау міндеттерімізге кіреді. Бірақ қолмен тазалайтын адам жоқ. Қолмен оны тазаламаймыз да", - дейді "ҚАЗСУШАР" РМК Жетісай өндірістік бөлімшесінің басшысы Бахтияр Жолдасбеков.

Есесіне суға жауапты мекеме диқандарға ағын судың  тарифін  екі есеге өсіргенін хабарлаған. Онсыз да шығынға батқан шаруалар енді кімнен көмек сұрарын білмей отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу