Министрдің пікірінше, Қазақстанда мұнай-газ, тау-кеннен бөлек өңдеу өнәркісібінің даму қарқыны жоғары. Сондықтан аталған және басқа салалардан қосымша салық түсіру мәселесі қаралады.
"...Бүгінде өңдеу өнеркәсібі жоғары қарқынмен дамып келеді. Президент соңғы мәлімдемесінде өңдеу өнеркәсібіне баса назар аударып, импорт тауарларды алмастыратын жергілікті өндіріс орындарын ашуды тапсырды. Осының есебінен салықтың түсу көрсеткіші жоғары болады деген болжам бар", – деді министр тікелей эфирде.
Ерұлан Жамаубаев салық түсімі жоғары салаларды атады.
"Сауда-саттықта өткен жылғы қарқынды жоғалтып алмау керек. Бұл саладан салық жақсы түседі. Кейін импорттық-экспорттық операцияларды атап өтуге болады. Экспорттық операциялар қарқыны 2021 жылғыдай болса, елге қосымша салықтар түседі. Құрылысты да айтуға болады. Себебі одан түсетін салықтың да көлемі қомақты. Қаржы саласы мен ірі кәсіпорындар бар. Осының барлығы 2022 жылғы бюджет көзін қамтамасыз етеді", – деді ведомство басшысы.
Оның айтуынша, ауыл шаруашылығынан салық өте аз түседі.
"Ауыл шаруашылығында салық жүктемесі өте төмен. Фермерлік қожалықтар аз пайда тауып отыр. Керісінше, біз оларға республикалық бюджеттен субсидия түрінде көмек көрсетіп отырмыз. Мысалы, шаруаларға егін еккен кезде, оны жинаған субсидия беріледі. Республикалық бюджеттен мал ауыл шаруашылығына да қосымша қаражат бөлуге мәжбүр болып отырмыз", – деді қаржы министрі.
Дәурен Ерболат