Қандалаға қарсы улау жұмыстарында қандай дәрі қолданылуы керек?

869

Келесі жылдан бастап дезинсекция қызметі қайта лицензиялауға жатады.

Қандалаға қарсы улау жұмыстарында қандай дәрі қолданылуы керек? Фото: dezservice24.ru

Дезинфекция, дератизацияда қолданылатын құралдар міндетті түрде мемлекеттік тіркеуден өту керек. Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмагамбетова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz.

Бас санитариялық дәрігер Ақтаудағы қандалаға қарсы улау жұмыстары салдарынан болған қайғылы жағдайды еске алды.

"Эпидемиологиялық тексеріс нәтижесі бірінші жағдайда бір отбасында 2 бала қайтыс болып, 5 адам ауруханадан шықты. Мұнда дезинсекция жұмыстарын өзіміз өткіземіз деп, у Алматыдағы базардан алынған. Удың не атын, не нұсқаулығын білмеген. Ешкімге айтпастан, үйде дәріні пайдаланып, өздері кетіп қалған. Вентиляция жүйесі арқылы удың иісі жоғары қабаттағы көрші үйге таралып, салдарынан топтық улануға әкелді. Екінші жағдайда пайдаланылған у анықталды. Үй жағдайында мұндай уды қолдануға болмайды. Бұл туралы нұсқауда жазылып тұр. Пайдаланылған у тек қана ауыл шаруашылығында пайдалану керек", - деді Айжан Есмағамбетова.

Қабылданған "Биологиялық қауіпсіздік туралы" заңға сәйкес, дезинсекция және дератизация жұмыстары лицензиялауға жатады. 

"Заңның талабы келесі жылдың 1 шілдесінде басталады. Айта кету керек, 2007 жылға дейін бұл қызмет лицензиялауға кірді. 2007 жылдан бастап бұл норма алынып тасталды", - деп түсіндірді вице-министр тілшілердің сауалына берген жауабында.

Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы Кодекске сәйкес, дезинфекция, дератизация жұмыстарын лицензиясыз істеу үшін жауапкершілік көзделген. 

"Егер жеке тұлға болатын болса онда 15 АЕК көлемінде айыппұл салынады, шағын кәсіпкерлік субъектілері – 45 АЕК, орта – 80 АЕК, ірі кәсіпкерлік– 150", - деді спикер.

Денсаулық сақтау вице-министрінің сөзінше, тұрғындар дезинсекция, дератизация жұмыстарын арнайы ұйымдарға сеніп тапсырған жөн. 

Еске салайық, осыған дейін Ақтауда екі бала қандалаға қарсы дәріден уланып, көз жұмғанын жазған болатынбыз. Тағы 2 бала ауруханаға түсті. Мамандар эпидемиологиялық тексеру жүргізіп, пәтер иесі қандалаға қарсы дәрі себу кезінде шығу тегі белгісіз дәріні қолданғанын мәлімдеді.  Сондай-ақ, күні кеше қандалаға қарсы дәріден уланған 2 бала ауруханадан шықты. Алайда Ақтауда қандаланы улау салдарынан тағы 5 адам зардап шеккен болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу