Бұл туралы ҚР Су ресурстары және ирригация министрі хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Осы жылы еліміздің су қоймаларына рекордты 75 млрд текше метрден астам су жиналған. Оның 12 млрд текше метрден астамы – тасқын суы.
Су тасқыны кезінде Батыс Қазақстан облысының Қамыс-Самар көлдеріне 80 млн текше метр су жіберілсе, Ұлытау облысынан Қызылорда облысына 839 млн текше метр су келген. Осының арқасында, алғаш рет бұл су Сарысу өзені арқылы Қызылорда облысының көлдер жүйесіне жетіп отыр.
– Біз әрқашан су ресурстарын бөлуде экономиканың қажеттіліктері мен су нысандарының экожүйесін қолдау арасындағы дұрыс тепе-теңдікті іздейміз. Биыл шаруалар мен басқа да су пайдаланушыларға кері әсерін тигізбестен үлкен және шағын су айдындарын сақтау және қалпына келтіру бойынша үлкен жұмыс атқарылды. Мысалы, өткен суару кезеңінде еліміздің шаруа қожалықтарына шамамен 11 млрд текше метр су берілді. Болашақта бұл бағыттағы жұмыс жақсарады. Оның ішінде суды сауатты басқару және тұтынуға басымдық беретін жаңа нормативтік-құқықтық база құру есебінен де нәтижеге жетуге ниеттіміз, – дейді ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Жыл басынан бері Балқаш көліне 15,4 млрд текше метр су келген, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 4 млрд текше метрге артық. Тасқын кезінде құйған судың көлемі – 3,3 млрд текше метр. Сондай-ақ, Каспий теңізіне 17 млрд текше метр су түскен. Алматы облысындағы "Қапшағай" су қоймасы соңғы 10 жылда алғаш рет 100%-ға толып, 18 млрд текше метрден астам су жинады. Биыл Солтүстік Аралға шамамен 2,5 млрд текше метр су жіберіліп отыр, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 400 млн текше метрге артық. Бұл жайтқа облыс шаруаларының суды үнемдеуі де әсер еткен.
Еске салайық, бұған дейін биыл Балқашқа 13,5 текше шақырым су жіберілгенін жазған едік.