Қарағанды қаласының Октябрь ауданында кәсіпкерлер "Барлығы балалар үшін!" атты акцияны бастады. Бизнесмендер өз қаражаттары есебінен аулаларды абаттандырып, балалар алаңын жабдықтауда, деп хабарлайды ortalyq.kz.
"Восток-2" шағын ауданында "Жұлдызай" атты ойын кешені ашылды. "Ғасыр" гүл бағында қарағандылық зауытта өндірілген, түрлі-түсті пластиктен жасалған сырғанақтар орнатылды. Өндірушілердің сөзінше, бұл пластик қауіпсіз, ол тіпті азық-түлік өндірісінде де қолданылады, одан аллергия болмайды. Мұндай сыйға жергілікті балалар мәз.
"Әрбір кәсіпкер өз мүмкіндігінше қаланы көркейтуге, әсіресе балаларды қуантуға өз үлесін қосуы тиіс. Балалар – біздің болашағымыз. Еліміздің болашағы солардың дұрыс тәрбие алуына байланысты болмақ",– деді "Ұмай" сауда үйінің директоры Болат Әубәкіров.
Бұл компания Октябрь ауданында осымен алтыншы ойын кешенін құруға көмектесіп отыр.