Қарағанды облысында 23 медқызметкері жалған құжатпен жұмыс істеген

943

Қарағанды облысында 23 медқызметкері жалған құжатпен жұмыс істеген

Қарағанды облысында 23 медицина қызметкері жалған куәлікпен қызмет істеген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Тек Теміртау қаласының өзінде жалған құжатпен 21 медицина қызметкері еңбек еткен. Сонымен қатар мұндай оқиғалар Балқаш және Жезқазған қалаларында да тіркелген. 23 оқиғаның 21-і Теміртау қаласының №1 емханасында анықталды", - деп мәлім етті Қарағанды облысының қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының медициналық мәселелер бойынша орынбасары Ольга Смирнова.

Оның айтуынша, жалған құжатпен жұмыс жасаған қызметкерлері департамент қызметкерлері жүргізген тексеру барысында анықтаған. Олар  - мейірбикелер мен фельдшерлер, яғни орташа медицина қызметкерлер.

Белгілі болғандай, заңбұзушылықтар 2016-2017 жылдар жасалған. Дегенмен, медицина қызметкерлерінің заңбұзушылығына қатысты шағым жасалмаған. Олар қызметтік міндеттерін рұқсатсыз атқарып келген.

Айта кетерлігі маманның сертификаты - қолданыстағы заңнамаға сәйкес медицина қызметкерінің клиникалық жұмыспен айналысуына рұқсат беретін құжат болып табылады.

Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасының қызметкерлерді басқару қызметінің басшысы Мейрамгүл Майлыбаеваның айтуынша, 2013-2018 жылдар аралығында берілген куәліктердің түпнұсқалығын анықтау үшін бірнеше мәрте арнайы хаттар жіберілген.

"Одан бөлек денсаулық сақтау басқармасы қосарлама тексеру туралы бұйрық шығарды, яғни, алдымен, біздің медициналық ұйымдар өздерінде тексеріп, кейін өзге де мекемелер тексеріс жүргізеді. Бізде тексеру шаралары жүргізілетін арнайы кесте бар", - деді Мейрамгүл Майлыбаева.

Облыстың қоғамдық денсаулықты сақтау департаменті маман куәлігі жоқ бола тұра клиникалық тәжірибеге жіберілген тұлғаларға қатысты әкімшілік жауапкершілікке тарту шараларын қабылдады. Оларға қатысты әкімшілік өндіріс ісі қозғалды. Алайда 11 жағдайда медициналық қызметкер істің мерзімінің өтіп кетуіне байланысты, жауапкершіліктен құтылды.

"Тексеріс жүргізілгеннен кейін барлық жұмысшылар сертификат алғанға дейін қызметтерінен босатылды. Бүгінде қызметтеріне қайта кірісіп, білімдерін бағалаудан өтті", - дейді Ольга Смирнова.

Оның айтуы бойынша, куәлік медициналық қызметкерге тәжірибелік іспен айналысуға құқық береді және оны бес жыл сайын растап отыру қажет.

"Біз барлық мәліметтер қорын тексердік, енді өзге кадрларға қатысты мұндай кемшілік анықталмайды деген сенімдеміз. Осы уақыт ішінде медициналық қызметкерлер тарапынан ешқандай құқықбұзушылықтар орын алмады, олардың барлығы - тәжірибелі білікті мамандар. Жұмыс өтілдері - 2 жылдан 15 жылға дейін. Нақты себептері сәл кейінірек анықталатын болады. Теміртаудағы екі қызметкер өз өтініштері бойынша жұмыстан кетті, екеуі - декреттік демалыста, қалған жұмысшылар тестілеуден қайта өтті. Кадрлық қызметте және менің тарапымнан қажетті қадағалауды қамтамасыз етуде кемшіліктер кездеседі. Қателіктерді түзеуге барынша тырысамыз", - деп бөлісті Теміртау қаласы №1 емханасының директоры Гүлнәр Сейіт.

Жасанды куәліктер бойынша медициналық қызметкерлерге қатысты  барлық материалдар процесуалдық шешім қабылдау үшін аймақтық ішкі істер басқармасына жіберілді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу