Қарағандыда Ленин көшесінің атауы өзгеретін болды

1477

Он көшенің тоғызының атауын өзгерту белгісіз мерзімге шегерілді.

Қарағандыда Ленин көшесінің атауы өзгеретін болды

Қыста Қарағанды халқы "Достық үйіне" жиналып, көше атауларын өзгертуге қатысты өткізілген қоғамдық тыңдауға қатысқан еді. Тіпті көшеге қатысты пікірін білдіргісі келгендердің қатары мыңға жуықтаған. Сол кезде жиналғандардың басым бөлігі мағынасы ескірген және орысша атауы бар көше атауларын қазақшаға ауыстыру қажет деп дауыс берген еді. Сонда халыққа өзгертіледі деп хабарланған он көшенің атауын өзгерту шарасы бүгінде жүзеге аспайтын болып тұр. Соңғы шешімді қабылдайтын Республикалық ономастика комиссиясы халық санағының жүргізілетінін алға тартып, көше атауын өзгертуді кейінге қалдырыпты. 

"Қыста қоғамдық тыңдау өткізгенде ауыстырамыз деп нақты айтқан тәрізді еді. Халық санағының жүретінін сол кезде неге ескермеген. Мен өзім Бабушкина көшесінде тұрамын, мұндай мағынасыз атауы бар көшелер көп. Ең құрығанда көшеге де қазақша атауды қимағанымыз ба? ",- дейді қала тұрғыны Манат Сәулебек.

Алайда Абай күнінде шенеуніктер Қарағандыда ұлы ақынға арналған бір көшенің жоқ екеніне ұялған тәрізді. Ономастикадағы мамандар бір көшені өзгертуге кеңшілік танытыпты. Енді сан жылдар бойы коммунистерге жалтақтап күн көсемнің атын жамылған көшенің атауын өзгерте алмаған билік оң шешімге бет бұрыпты. 

"Ленин көшесін Абай есімімен атау туралы ономастикалық комиссияның шешімі бар. Қыркүйектің соңында облыстық маслихат сессиясында көше атауын өзгертуге қатысты нормативтік актіні қарайды. Содан кейін қазан айына қарай көше атауын өзгерту жоспарда тұр" , - деп мәлімдеді Қарағанды облысының тілдерді дамыту басқармасының баспасөз қызметі. 

Осылайша Қарағанды қаласы тұрғындарын дүрліктірген он көшенің тоғызының атауын өзгерту кейінге шегерілді. Олардың қашан ауыстырылатыны белгісіз.

Арайлым Еркебаева 
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу