Қаржы пирамидасына қыруар қаражатты тарту қазіргі қоғамның "қотырына" айналды. Өкінішке қарай, оның құрбандарының қатары азаймай тұр. Биыл Павлодар облысындағы үш мыңнан астам адам ақшасынан айырылып, жер сипап қалды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.
Былтыр өңірде "QNET" қаржы пирамидасының ұйымдастырушысы жазаға тартылып, үш жылға бас бостандығынан айырылған еді. Биыл тағы да аталмыш ұйымға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Осыдан төрт-жыл бұрын бұл компанияға қаржы салып, әлі күнге дейін "игілігін" көрмегендер жергілікті экономикалық тергеу департаментіне шағым түсірді. Барлығы 30 адам 28 млн теңгесінен айырылғанын айтып келді. Нәтижесінде мамандар қылмыстық істі аяқтап, сотқа жолдады.
Сонымен қатар, "Has Holding" компаниясы арқылы оңай олжа табамыз деп опық жеп қалғандар бар. Алты қалада тұратын 5 мыңнан астам адам барлығы 7 млрд теңге қаржысын салғанымен, одан ешқандай табыс алған жоқ. Олардың қатарында 3 мыңнан астам павлодарлық бар. Өңір тұрғындары қаржы пирамидасына 3,5 млрд теңге құйған. Бүгінде ұйымды құрғандар анықталып, олардың шоттары бұғатталды. Облыс аумағындағы үш жер учаскесі, 20 көлік, Павлодар мен Астана қалаларындағы қымбат пәтерлер, тұрақ орындарына да арест салынды.
"Өткен жылы облыс аумағында қаржы пирамидасына қатысты бір қылмыстық іс болса, биыл екеуі аяқталды. Тәжірибе көрсеткендей, мұндай ұйымдарға салым салатындардың көбі – мұғалімдер мен дәрігерлер. Сондықтан, қаржылық сауаттылықты арттыру мақсатында бюджеттік ұйымдарда, өндіріс орындарында, басқа да мекемелерде түсіндіру жұмыстарын жиі өткіземіз", - дейді Павлодар облысы бойынша экономикалық тергеу департаменті басшысының орынбасары Ербол Кәрімов.
Сонымен қатар, тұрғындар жарнамаларға алданып, белгісіз сайттарға өтпес үшін жыл басынан бері 665 сілтеме бұғатталған. Соған қарамастан, танымал адамдардың, блогерлердің сөзіне алданып, қаржысын құйып, кейін барынан айырылып жатқандар бар. Мұндай жарнамаларды жасайтындар әкімшілік, қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Ал қаржы пирамидаларын ұйымдастырушылар жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Осындай алаяқтардың арбауына түспес үшін тұрғындар қаржылық сауаттылығын арттырып, қыруар ақшаны табудың оңай жолы болмайтынын түсінуі қажет.