KASE индексі төмендеді

Жыл басынан бері қор нарығын капиталдандыру 15,4%-ға төмендеді. 

KASE индексі төмендеді Фото: inbusiness.kz

Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің кезекті есебінде жазылған, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Қор нарығын капиталдандыру 2022 жылғы қарашада 30 млрд теңгеге шамалы ұлғайып, 2022 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша 37,3 трлн теңгені құрады. 2022 жылдың басынан бері 15,4%-ға төмендеді", – деп жазылған есепте. 

Акциялар нарығын капиталдандыру 1,4%-ға немесе 0,3 трлн теңгеге 22,6 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Нәтижесінде жыл басымен салыстырғанда акциялар нарығын капиталдандырудың төмендеуі бір ай бұрынғы 22,4%-бен салыстырғанда 21,3%-ға дейін баяулады.

"2022 жылғы қарашада KASE индексі 3 064,9 тармаққа дейін 2,2%-ға азайды. 2022 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша "Қазақстан қор биржасы" АҚ (бұдан әрі – KASE) сауда тізімдерінде 103 эмитенттің 117 акциясы болды, олардың 46 шығарылымы KASE Global секторында айналысқа  жіберілді. 2022 жылдың қараша айында акциялармен сауда-саттық көлемі қазан айымен салыстырғанда 12,0%-ға немесе 1,6 млрд теңгеге төмендеп, 11,7 млрд теңгені құрады", – деп хабарлады Агенттік есебінде. 

Корпоративтік облигациялар нарығы ақша-кредит талаптарын қатаңдату аясында қорландыру құнының қымбаттауы, сондай-ақ аталған нарықта қолданыстағы шығарылымдарды өтеу нәтижесінде 2022 жылғы қарашада 1,9%-ға немесе 283 млрд теңгеге 14,7 трлн теңгеге дейін азайды (2022 жылдың басынан бері 4,5%-ға төмендеу).

Корпоративтік облигациялардың бастапқы нарығының көлемі 2022 жылғы қарашада екі есе ұлғайды және 2022 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша 1 083 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14,5%-ға артық.

2022 жылғы 1 желтоқсанда KASE сауда-саттық тізімдерінде 84 эмитенттің  корпоративтік облигацияларының 348 шығарылымы болды.

2022 жылғы қарашада KASE-де корпоративтік облигациялармен сауда-саттық көлемі 62,6%-ға немесе 349 млрд теңгеге  208 млрд теңгеге дейін төмендеді.

KASE-де саудаланатын мемлекеттік борыш 2022 жылғы қарашада 3,6%-ға немесе 708 млрд теңгеге 20,5 трлн теңгеге дейін өсті.

2022 жылғы қарашаның қорытындысы бойынша KASE-де мемлекеттік бағалы қағаздармен сауда-саттықтың жиынтық көлемі 427,5 млрд теңгені құрап, бір айда 10,9%-ға немесе 42 млрд теңгеге ұлғайды. Бұл ретте мемлекеттік бағалы қағаздардың бастапқы нарығындағы сауда-саттық көлемі 295,5 млрд теңгеге дейін 11,0%-ға немесе 36,4 млрд теңгеге төмендеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу