Кассалық аппарат бағдарламасын үкімет жаңартып берсе - кәсіпкерлер

488

Атыраулық кәсіпкерлер бизнесте қолданатын кассалық аппарат бағдарламасын жаңартуға қиналып отыр. Себебі қызмет көрсету компаниялары бағаны шектен тыс аспандатқан.

Кассалық аппарат бағдарламасын үкімет жаңартып берсе - кәсіпкерлер

Мұнайлы өңірдегі оның құны мегаполистермен салыстырғанда екі есе артық. Пандемиядан есімізді әлі жинаған жоқпыз деген олар, бұл жұмысты үкімет мойнына алу керек дейді. Өзгеріске наразылық білдірген азаматтар кәсіпкерлік палатасына жиналды. 

Басқосуда базынасын алға тартқандардың бірі Кәмшат Әлиева. Шағын бизнес иесі күнделікті тауар айналымының өзіне ақшаны әрең тауып отырғанын айтады. Кассалық аппарат бағдарламасына шығындана алмайтын көрінеді. Сол себепті мәселеге биліктегілер араласқаны жөн дейді.

Өңірде осы бағытта техникалық қызмет көрсететін  8 компания бар. Олар бұған дейін өзгеріске небәрі 1000 немесе 15 мың теңге алған болса, қазір азаматтар 30 мыңға жуық қаржы төлеуге мәжбүр екен. Бұл өзге облыстармен салыстырғанда әлдеқайда жоғары көрінеді. Ал жеке орталықтар, біз жай ғана делдалмыз деп ақталуда. 

"Біз жай ғана делдалмыз. Ресейлік және болгариялық өндірушілер бар. Біз солардан сатып алатын кодты іске қосамыз. Олардың өздері бекіткен нақты баға бар. Алайда, жақында отандық тасымалдаушы компаниядан ғана сатып алу керек деген хат келді. Ал онда баға шарықтап тұр", дейді Техникалық қызмет көрсету орталығының өкілі Манана Чолокава. 

Қазір наразы 200-ден астам бизнес иесі ұжымдық хат жазып үлгерген. Шағымға құлақ асқан кәсіпкерлік палатасы проблеманы жауапты органдарға жолдамақ.

"Ұсыныстарды қарап, пысықтап, тағы да нақтылап басқа органдарға жолдаймыз. Екі аудан ғана өтініш берді, басқа да аудандарды қарап, оны қызметтік жазба түрінде жазып, орталыққа жібереміз. Орталық қорытындылап, оның бәрін жинап, басқа да өңірлерде осындай проблема болса соны ары қарай орталық аппаратқа, мемлекеттік кірістер комитетіне, қаржы министрлігіне жолданатын болады", дейді Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Сүйінбаев. 

Бүгінде облыста 31 мың кассалық аппарат тіркелген. Оның бәрі аймақтағы 23 мыңнан астам кәсіпкерге тиесілі. Құрылғылардың 10 мыңы ғана жаңа бағдарламаға ауысып үлгерген. Ал үнемі қыруар қаржыны жырып беру қалтаға ауыр соққы болады деген өзгелері, үкіметтен қолдау күтпек. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу