ҚазАгро шаруаларға тиімді автоматтандырылған жаңа жүйені енгізді

872

"ҚазАгро" Холдингі ауыл тұрғындары үшін несиеге өтінімді онлайн форматта беру мүмкіндігін жасады.  

ҚазАгро шаруаларға тиімді автоматтандырылған жаңа жүйені енгізді

Жүйе әзірге Ақмола және Алматы облыстарының кәсіпкерлері үшін тесттік режимде іске қосылды, деп хабарлайды "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" АҚ баспасөз қызметі.

Алдағы уақытта бұл механизмді басқа облыстарға да енгізу жоспарланып отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 1-қыркүйектегі "Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі" атты халыққа Жолдауында "Тиімді шағын және орта бизнес – қала мен ауылды дамытудың берік негізі. Шағын, әсіресе, микробизнес еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқарады", - деп атап өткен болатын.

Шағын кәсіпкерлікпен айналысатын ауылдықтарды мемлекет тарапынан қолдаудың орны бөлек. Әсіресе, кәсіп бастаймын деген азаматтардың шағын несиеге жылдам қол жеткізуін қамтамасыз ету өте маңызды.

"ҚазАгро" Холдингінің еншілес компаниясы – Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры онлайн-несиелеу жұмысын бастады. "Еңбек" бағдарламасы аясында мал шаруашылығын дамытуға (4 млн теңгеге дейін) несие алғысы келетін кәсіпкерлер үйінен немесе кеңседен несиеге онлайн өтінім бере алады.

Айта кету керек, кәсіпкер берген өтінімінің мақұлданғанын немесе мақұлданбағанын алдын-ала біле алады. Бұрын 10-13 құжат жинау талап етілген болса, қазір тек өтінім берушінің жеке куәлігі, электронды цифрлық қолтаңбасы және кепілдікке қоятын мүлігінің құжаты ғана қажет. Бүгінгі таңда жаңа жүйе арқылы 65 шаруаның өтінімі мақұлданып үлгерді.

Алматы облысының Жамбыл ауданына қарасты Қайназар ауылында тұратын Анапия Аймұхан несиеге онлайн-өтінім берген алғшқы шаруалардың бірі. Қой шаруашылығын дамытуға үшінші рет несие алғалы отырған фермер автоматтандыру жүйесінің артықшылығы жөнінде айтып берді.

"Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан осыған дейін екі рет несие алып, қой шаруашылығын бастаған едім. Үшінші рет тағы несие алғалы отырмын. Бұрын несие алуға 10-13 құжат жинайтын едік. Қалаға жиі баратынбыз, Халыққа қызмет көрсету орталығының кезегіне тұрып қанша уақыт кетіретінбіз. Жалпы құжат жинауға екі аптадан бір айға дейін уақытымыз кететін. Жол шығынымыз тағы бар. Қазір Электронды цифрлы қолтаңбам, жеке куәлігім және кепілдікке қоятын мүлігімнің құжаты ғана керек. Үйде отырып-ақ, алдын ала өтінім беруге мүмкіндік жасаған екен. Қуанып отырмын. Жаңа ғана 4 млн теңге несие алу үшін онлайн өтінім берген едім, міне өтініміңіз мақұлданды деген хабарлама келді. Ары қарай несие алуыма ештеңе бөгет болмайды. Шаруалар үшін осындай мүмкіндік жасауға ықпал еткен Президентімізге, мамандарға көп рахмет!" - дейді Анапия Аймұхан.

Аймұханның қорасында қазір 150 бас саулық қой мен 60-қа жуық тоқтысы бар. Енді 4 млн теңге несиеге тағы қой мен жем-шөп сатып алмақ. 36 жастағы шаруаның 3 баласы бар. Ұлдарын да осы шаруашылыққа баулығысы келеді. Өйткені, мал өсіру атакәсібіміз және табысты көбейтіп, тұрмысты жақсартуға болады, дейді ол. Қорасы мен жайылымын кеңейту үшін жергілікті әкімдікке өтініш те жазып қойыпты. Ауылы алып шаһардың іргесінде болғандықтан, қойдың етін сатудан қиындық туындамайтынына бек сенімді.

Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының Алматы филиалындағы өзіне өзі қызмет көрсету аймағынан онлайн өтінім беруге болады. Талғар ауданының тұрғыны Рүстем Асимовтың онлайн-өтінімі аз ғана уақыттың ішінде мақұлданды. Енді ол алдағы 5 жұмыс күнінің ішінде несиесіне қол жеткізеді.

"Мен Талғар ауданынан келдім. Осы Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан бұрын бір рет  несие алғанмын. Ол несиені жауып тастап, міне екінші рет тағы несие алуға онлайн-өтінім беріп отырмын. Алдыңғы несиені аларда көп құжат жинағанмын. Осы жол бәрі оңай, тек электронды цифрлық қолтаңба болса компьютерде отырып-ақ көп жұмысты тындыруға болады екен. Мамандар кеңес беріп, көмектесті. Негізі ешқандай қиындығы жоқ екен", - дейді несиеге ірі қара мал сатып алуды жоспарлап отырған кәсіпкер.

Мал шаруашылығымен айналысқысы келген кәсіпкер "Еңбек" бағдарламасының талаптарына сәйкес болуы шарт. Егер кәсіпті енді бастап жатқан болса, бизнес негіздерін оқығаны туралы сертификаты мен жұмыспен қамту орталығынан алған жолдамасы болуы керек.

"Егер сіз Ақмола немесе Алматы облысының тұрғыны болсаңыз және мал шаруашылығын дамытуға қаржы алғыңыз келсе, www.online.fagri.kz порталына кіріңіз және келісімге қол қойыңыз. "Жаңа өтінім жасау" батырмасын басып, өтінімді жеке кабинет арқылы жіберіңіз. Жүйе мемлекеттік дерекқордан ақпарат сұрату арқылы азаматтың несие алу мүмкіндігі мен сенімділігін тексереді. Оң нәтиже болған жағдайда "жалғастыру" батырмасы іске қосылады. "Кепілдікті қамтамасыз ету" бөлімінде кепілге қоюды жоспарлаған мүлікке қатысты деректерді енгізіңіз, жүйе мүліктің нарықтық құнын есептейді. Ұсынылған кепілдік мүлкі жеткілікті болған жағдайда жүйе кепілдікті қамтамасыз ету жөніндегі құжаттармен облыстық филиалға жүгіну мүмкіндігі туралы хабарламаны көрсетеді", - дейді "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" АҚ Несиелеу департаменті директорының орынбасары Армат Байзақов.

Құжаттарды несие менеджеріне тапсырғаннан кейін сіз өзіңіздің жеке кабинетіңізден өтініміңіз бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстың қай деңгейде екенін бақылай аласыз. Уәкілетті орган оң шешім шығарған жағдайда несие шартын жасасу үшін Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының облыстық филиалына баруыңыз керек.

Өтінімді алдын ала мақұлдау шешімі 10-15 минут аралығында қабылданады. Ал, өтінімді одан әрі қарау мерзімі 15 күннен 5 жұмыс күніне дейін қасқарды.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу