Жиынға Грэмми жүлдегері Иманбектен бастап, танымал британдық экономист Джеймс Робинсон және министр мен Ақорданың өкілдері қатысты, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Қатысушылар реформа мен Қазақстанның даму жолдарын сөз етті. Сондай-ақ, қаңтар оқиғасы да назардан тыс қалмады. Шешімдерден өзге, философиялық ойлар мен жеке тәжірибелерімен де бөлісті.
Иманбек жастардың қазір айти салаға бейім екенін айтты. Және олардың елеулі жетістікке жететіне сенімді. Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин мұны құптап, алдағы 7 жылда мемлекеттік қызметтердің 90 пайызы проактивті негізде болатынын жеткізді. Яғни барлық жерде азаматтарға қолжетімді болады.
Ал форумның басты қонағы, "неге кейбір елдер бай, басқалары кедей" кітабының авторы Джеймс Робинсон Қазақстандағы реформаларға қатысты пікір білдірді.
"Үздік 30 елдің қатарына кіру үшін саяси және экономикалық институттардың деңгейін осы отыздықтың деңгейіне жеткізу керек. Сондықтан, біріншіден, әкімшілік реформалар маңызды. Әсіресе азаматтарға экономикалық реформалардың маңызды екенін түсіндіру аса қажет. Реформа техникалық тұрғыдан жүзеге асырылуы мүмкін, бірақ оны қоғам қабылдауы екіталай. Сондай-ақ әртүрлі мүдделі топтар бар. Олармен де жұмыс істеуге тура келеді. Сондықтан реформа жүргізген кезде "ұтылғандар" оны қабылдайтындай етіп құрылымдау керек. Қазақстан үкіметінің қазіргі бағытын ескере отырып, халықтың инклюзивті институттарға қарай таңдау жасауға мүмкіндігі бар деп айта аламын", деді Британиялық экономист Джеймс Робинсон.
Сондай-ақ, ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Тимур Сүлейменов өзгерістің кімнен және қалай басталуы қажет екенін сөз етті.
"Өзгеріс мемлекеттік аппараттан бастау алуы қажет. Жаңаруы керек. Әлбетте барлық кадрларды ауыстыру мүмкін емес. Бізде 30-35 жастағы мықты мамандар бар. Ешқайсы жауапкершіліктен қашпауы тиіс. Көршілерімізді көріп отырмыз. Әрқайсы ұстанымдарына берік. Біз шайқалмау үшін қоғам мықты болуы керек. Билік бәрін естіп, біліп отыр. Қателіктермен де жұмыс істеп жатыр. Ішкі саясатты реттеуге мүмкіндігіміз толық жетеді", деді Тимур Сүлейменов.
Форумда алдағы жылдары Қазақстанда еркіндік, адами құндылық, сенім, креативтілік және цифрлық даму басты орында болуы тиіс деген пікірлер айтылды. Оған қаңтар оқиғасы бірден бір дәлел. Сөз соңында Т.Сүлейменов "Адам адамға бауыр" болуы тиіс. Сонда ғана мықты қоғам құрылады және оны жау алмайды", деп форумды қорытындылады.
Арай Сүгірбай