Сол мақсатта вице-премьер Серік Жұманғарин бастаған делегация аталған елге барып қайтты. Онда бірқатар бордақылау алаңын аралап, ірі заманауи биржаға бас сұқты. Сондай-ақ ветеринарлармен де тілдесті, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.
Малды таза ұстау, күтіп баптау, үркітпеу, оп-оңай бөлу, сосын жақсылап сою, оның қалдығын кәдеге жарату және ешбір делдалсыз арзан бағаға сату. Өкініштісі мұндай процесс Қазақстанда жоқ. Біздің елде мал ұстау бейнет. Сондықтан тың әдіс, жаңа технология, жеңіл жол қажет. Бұл ретте Үкімет яки вице-пермьер Серік Жұманғарин бастаған делегация оның ішінде шаруалар да бар. Аустралияға барып қайтты. Аталған мемлекет әлем бойынша қой етін экспорттаудан - бірінші, ал сиыр етін тасымалдауда екінші орында тұр. Ал шаруаларға біздегі сияқты мемлекет көмектеспейді.
"Әлемде етті сату үшін бүкіл әлемнің стандарттары бар, талаптары бар. Сол талаптарына сәйкестендіруіміз керек. Енді мына Аустралияға келіп, осылардың бағытын алып, 50 мың басқа кеңейтеміз бе деп отырмыз", - дейді "Қайып ата" ЖШС құрылтайшысы Сырым Ертаев.
Аустралияда малды ұстау мәдениеті тым жоғары, дейді қазақстандық делегаттар. Қой, сиырды бөлу толық автоматтандырылған. Тіпті мал үркімеу үшін бөлу конструкциялары біздегі сияқты түзу емес, иіліп жасалған. Ал жануар жататын алаң биік орналасқан. Сондықтан нәжістері арнайы дренажадарға жиналады. Осылайша тұяқтары ластанбайды. Әрі шаруалар қора тазалап әуреленбейді.
"Аустралияда жыл бойы бордақылай алады. Мысалы, мына компания келіп тұрған. Екі айда бордақылап шығарамыз дейді. Екі ай сайын малды ауыстырып отырады. Біз көктемнің басында қозы алып, бордақыға қыркүйек айында бірақ кіргіземіз. Сонда біз жылына бір рет қана ұсынамыз", - дейді "Алакөл агро" ЖШС-нің өкілі Ілияс Жананов.
Отандастарымыз 2 ірі бордақылау алаңына барды. Онда жануарларды құлағындағы биркасы арқылы есепке қояды. Тарихы автоматты түрде шығады. Мал күн сайын 1,5-2 келі салмақ қосады.
"Біздің өнеркәсіп алаңының ауданы шамамен 11 мың гектар. Фермадағы 1 жылдық мал саны 60-тан 90 мыңға дейін. Мен еттің өнімділігіне, мәрмәрлігіне, жұмсақ болуына жауап беремін", - дейді Bakersfield Feedlot бордақылау алаңының иесі Аарон Преттеджон.
Аустралияда адам үшін қауіпті мал ауруы мүлде кездеспейді. Тек кей аймақтарда жылқының құтыруына ұқсас бір індет бар. Бірақ оның өзі вакциналаудың арқасында ауыздықталған. Мұнда мал саудасы тіпті бөлек. Аптап ыстықтан қорғайтын шатыр қойылған. Таза су тұрақты беріледі. Малды көтеріп, түсіретін металл баспалдақтары жұмсақ. Мәселен RLX мал базарына 1 уақытта 8 мың бас мал сыяды. Әр сейсенбі және бейсенбі күндері сауда қызады. Жыл сайын 140 мыңға жуық ірі қара сатылады. Жануар аукционға 1 күн қалғанда әкелініп, таза салмағын сақтау үшін кешкі сағат 21.00-ден бастап азық берілмейді. Еттің 1 келісі 3 аустралиялық доллар, біздіңше 900 теңгеге сатылады. Тірідей алса, келісі 1,5 доллар болады.
"Делдалдар бізде көп. Солар пайданы көріп жатыр деген уәж айтады. Сондықтан осы жерде көріп отырмыз. Әділ өзі аукцион арқылы әр мал сатылады. Өзі сол бәсекелестіктің арқасында қазіргі нарықтағы бағасымен сол өсірген фермер алып отыр", - дейді ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин.
"Біз қазір осы серіктестік негізінде талқылап жүрміз. Қалай біз аустралиялық технологияны Қазақстанға әкелу және осы біздің етіміздің де бағасын да түсіру, экспорттық ауқатты көтеру үшін", - дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдарбек Қожаназаров.
"Бір мезетте ірі қара малды 10 млн бас малды бордақылап жатыр. Біз Қазақстанда бір млн-ға жеткізе алмай отырмыз. Бұл жақта ауыл шаруашылығы сондай мәдениеттендірілген. Ауыл шаруашылығымен көптеген адам айналысады. Тіпті мал базарын да көреміз. Мал базарының өзінде де адамдар көбісі алдай бермейді. Біз делдал дейміз дейміз. Мына жақта оның бәрі заңдастырылған. Келген малдың салмағын тартып, іліп қояды. Мынандай тұқымдағы мал, мынанша салмақтағы деп", - дейді "Қайып ата" ЖШС құрылтайшысы Сырым Ертаев.
Аустралиялық мал өсірушілердің тәжірибесін Қазақстан да енгізуге ниетті. Соның арқасында делдалдарды азайтып, ет бағасын арзандатпақшы.