Қазақстан "Байқоңырға" өзі иелік етпек

640

Бүгін – қазақтың ғарышты бағындырған күні.

Қазақстан "Байқоңырға" өзі иелік етпек Фото: gov.kz

Осыдан тура 32 жыл бұрын Тоқтар Әубәкіров Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Байқоңырдан "Союз ТМ-13" кемесімен ғарышқа аттанған. Бұл ел тарихындағы қуанышты күн еді. Өйткені, қазақ жерінде "Байқоңырдың" іргетасы қаланғаннан кейін 36 жылдан соң аспан әлемін бағындыратын тұңғыш қазақ табылды. Ал ол жерге оралғаннан кейін Назарбаев елімізде ғарыш агенттігі жұмыс істейтінін жариялап, сол күннен елімізде ғарыш саласын игерудің жаңа белесі басталды. Сонымен, қазақстандық ғарыш саласының бүгінгі даму қарқыны қалай?

Қазақтың ғарышқа сапары осылай басталды. 9 күн бойы ғаламшарды шарлаған Тоқтар Әубәкіров өзге ғарышкерлермен бірге биотехнология, металлургия, медицина салалары мен Арал аймағы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізген. Кеңес Одағының Батыры, Қазақстан Республикасының Халық қаһарманы сол күнді былайша еске алды.

"Ракетада отырған да бүкіл ойым "қазақ үшін" дедім. Менің командирім айтты "поехали" дегенде, мен айттым "қазағым, сен үшін отқа да, суға да түсуге дайынмын!" - деп еске алды ғарышкер Тоқтар Әубәкіров.

Осылайша, намысы қайраған батыр Тоқтар қазақстандық ғарыш саласының дамуына жол ашып берді. Кейін Талғат Мұсабаев 3 рет ғарыш әлемін бағындырды. Ал үшінші болып ғарышқа ұшқан Айдын Айымбетов Қазақстан атынан халықаралық экипаж құрамында ғарышты бағындырған Тұңғыш ғарышкер-ұшқыш болды. Осылайша, дүркіреп тұрған қазақстандық ғарыш саласының даму қарқыны соңғы жылдары саябырлап қалғандай.

"Қайбір жоғары технологиялық сала болсын, ондағы ең бастысы кадр мәселесі. Он алтыншы жылдан кейін ғарыш аласының дамуы бәсеңсіп қалғаннан кейін кішкене біраз мамандардан айырылып қалдық. Шетелге жұмысқа кетіп қалды. Құдайға шүкір бәрі кеткен жоқ. Үкіметтен тапсырыс алғаннан кейін мамандарды мүмкін болса, қайтарамыз", - дейді ғарыш саласының маманы Мейірбек Молдабеков.

Мамандардан бөлек, "Байқоңыр" ғарыш айлағынан бұған дейін жылына 5 түрлі зымыран ұшырылса, қазір олдардың саны екеу ғана. Өйткені "Байқоңырды" 2050 жылға дейін жалға алған Ресейдің де ғарыш саласы бәсеңдеп тұр. Оған саяси жағдай әсер етіп отыр. Соңғы кезде, тіпті, бірде бір жаңа зымыранды іске қоспаған. Кеңес үкіметі ыдырағаннан бері "Ангара" ракетасын қатарға қоя алмай келе жатқан көрінеді. Бұл жағынан АҚШ көш бастап тұр. Ал сала ардагері алдағы 7-10 жылда "Байқоңырды" өзіміз игере алатындай жағдайға жетеміз,- деп отыр.

"Олардың стратегиялық мақсаты - Байқоңырдан кету. Сондықтан ерте ме, кеш пе олар Байқоңырдан кетеді. Байқоңырды толық көлемде сақтау мүмкін емес. Оның Қазақстанға қажеті де жоқ. Байқоңыр кешенін сақтап қалу үшін өзіміз соған кірісуіміз керек. Ондай жұмыс Қазақстанда басталып жатыр. Ғылыми жұмыстар басталып кетті. Ол жерде біз орта ауырлық емес, кіші ауырлықтағы ғарыш аппараттарын ұшыратын зымырандарды әзірлеу жұмыстарын бастап жатырмыз", - дейді ғарыш саласының маманы Мейірбек Молдабеков.  

Бүгінде елімізде спутниктердің 3 тобы штаттық режимде жұмыс істейді.  "Қазақстан ғарыш сапары" акционерлік қоғамы жерді қашықтан зондтау, ғарыш технологиясын дамыту, шетелдік компаниялармен бірлескен жобалар әзірлеу сияқты қызметтерді іске асырып келеді. Соның арқасында отандық жер серігі ел аумағынан заңсыз төгілген қоқыс, өрт, топан су сияқты зілзалаларда анықтап, алдын ала ескертіп отырады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу