Ұсынылған көлем – 2 млрд юань, өтеу мерзімі – 3 жыл, бастапқы табыстылығы – 3,35%. Инвесторлардың сұранысы жоғары болып, өтінімдер көлемі 4,9 млрд юаньға жетті, деп жазады inbusiness.kz сайты naryk.kz порталына сілтеме жасап.
Бұл ұсынылған көлемнен 2,5 есе артық. Жалпы 60-тан астам өтінім түсті. Олардың қатарында Қытайдың ірі қаржы институттары, халықаралық ұйымдар мен жаһандық инвестиция қорлары бар.
Тартылған қаражат қазақстандық кәсіпорындарды қолдауға бағытталады. Әсіресе, Қытайға экспорт жасайтын компаниялар жаңа келісімшарттарды жүзеге асыруға, өндіріс қуатын арттыруға және сыртқы нарықтағы позициясын нығайтуға мүмкіндік алады.
Қазақстан даму банкі портфелінде қазірдің өзінде ҚХР-ға өнім экспорттайтын бірқатар кәсіпорын бар. Олардың ішінде түсті металлургия, өсімдік майы және басқа да қазақстандық тауар өндірушілер бар.
Бұл орналастыру ТМД кеңістігіндегі юань валютасында ең ірі эмиссия болып саналады. Сонымен қатар соңғы 15 жылдағы Қытайдан тыс жерде BBB рейтингіндегі ең төмен табыстылықпен шығарылған облигация болды.
Жобаны ұйымдастыруға және андеррайтингке бірқатар халықаралық қаржы институты қатысты: China International Capital Corporation, CITIC Bank, J.P. Morgan, Deutsche Bank, Halyk Finance және басқалары.
Мамандардың айтуынша, бұл қадам Қазақстанға Қытайдың ауқымды капитал нарығына тікелей шығуға, елдің инвестициялық имиджін күшейтуге және жаңа инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға жол ашады.