ҚР Ұлттық Банкінің мәліметі бойынша, ипотекалық несиелер бойынша орташа сыйақы мөлшерлемесі ағымдағы жылдың қарашасында 8,4%-ды құрады. Бұл көрсеткіш бір ай бұрын 8,1%, бір жыл бұрын 7,9%, бес жыл бұрын 9,8% және он жыл бұрын 11,8% болған, деп хабарлайды inbusiness.kz ranking.kz зерттеуіне сүйеніп.
Агенттіктің хабарлауынша, аталған нарықта орташа көрсеткіштің төмендеуіне "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасының ықпалы анық байқалады. Сондай-ақ көрсеткіштердің төмендеуіне бірқатар мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар мен тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі де ықпал еткен.
Дегенмен агенттік зерттеуінде орташа ипотекалық мөлшерлеме туралы ақпаратты Ұлттық Банкі тұрақты түрде ұсынса да, ипотекалық несие нарығы туралы толық ақпарат алу мүмкін еместігін айтады. Мысалы: "Бақытты отбасы" жеңілдетілген мемлекеттік бағдарламасын, тұрғын үй құрылыс жинақтары аясындағы ипотека мен екінші деңгейлі банктің коммерциялық ипотекасын салыстыру мүмкін емес және дұрыс емес. Бұл өнімдер әртүрлі ұсыныстарға ие ғана емес, сонымен қатар әртүрлі аудиторияларға бағытталған және мүлдем басқа тәсілмен жұмыс істейді. Сондықтан агенттік ипотекалық несие нарығында қандай механизмдер жұмыс істейтінін, олардың қайсысын және қалай тиімді пайдалану керектігін және тұрғын үйді мүмкіндігінше қолжетімді түрде қалай алуға болатынын түсіну үшін арнайы зерттеу жасаған.
Ең арзаны – "Бақытты отбасы"
Ең арзан ипотеканы "Бақытты отбасы" аясында алуға болады – бұл "Отбасы банкінен" жеңілдікпен несиені ставка бойынша ала алатын көп балалы, толық емес отбасылар, мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе тәрбиелеп отырған отбасыларға арналған бағдарлама. (ЖТСМ - 2,1 %). Отбасындағы әрбір адамның соңғы алты айдағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген мөлшерінен аспауға тиіс. Ең төменгі бастапқы төлем 10%, мерзімі 19 жылға дейін.
Алайда көп балалы отбасынан шыққан балалар үшін ата-аналар да дәл осындай "Отбасы" банкінде 2% (ЖТСМ – 2,1%-дан) төмен пайыздық мөлшерлемені ұсына алады. Несие мерзімі – 6 айдан 10 жылға дейін. Ол үшін "Арнау" балалар депозитіне 10 жылдан 15 жылға дейін ақша жинап, осы кезеңде қалаған баспана құнының 50 пайызын жинақтау қажет.
"Өз үйім" бағдарламасы тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі аясындағы несие. Мұнда мөлшерлеме жинақтау мерзімі мен сомасына байланысты 3,5%-дан 7%-ға дейін (ЖТСМ – 3,6%-дан) өзгереді. Бастапқы төлем – 20%-дан, мерзімі – 25 жылға дейін.
Ал "Әскери баспана" бағдарламасы – тұрғын үй төлемдерін алушыларға, яғни арнаулы мемлекеттік органдардың, ішкі істер органдарының, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның жедел-тергеу бөлімшелерінің қызметкерлеріне және әскери қызметшілерге арналған өнім. Мөлшерлеме – жылдық 3,5%-дан 8%-ға дейін (ЖТСМ – 3,6%-дан).
Дәл осындай ЖТСМ – 3,6%-дан басталатын – "ҰМАЙ" әйелдердің арнайы ипотекасы бойынша да алуға болады. Бірақ несие сомасының 50%-ы жинақтау керек. Оған дейін мөлшерлеме 12%-ды құрайтын болады.
Ал "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы бойынша ипотека 5 пайыздық мөлшерлемемен (ЖТСМ – 5,2 пайыздан) келеді. Несие бағдарлама аясында салынып жатқан нысандардағы баспанаға ғана беріледі. Алғашқы төлем 20%-ды құрайды.
Дәл осындай тарифтер "Шаңырақ" жобасы аясында да бар. Бұл баспананы ЖБҚ кезекте тұрғандар ала алады. Бастапқы төлем – 10%, мерзімі – 20 жылға дейін.
"Жас отбасы" жаңа отбасын құрғандар үшін ипотеканың жылдың мөлшерлемесі 6%-ды құрайды. Салым бойынша қаражатты жинақтау мерзімі 1 жылдан бастап, сома тұрғын үй құнының 50%-ын құрайды. Мерзімі 6 жылдан 9 жылға дейін. Үйленгеніне 5 жылдан аспауы керек.
Келесі кезекте 7% мөлшерлемемен, 20% бастапқы жарнамен және 25 жылға дейінгі мерзіммен "7-20-25" бағдарламасы тұр. Несиені басқа баспанасы жоқ қазақстандықтар ғана, құрылыс салушыдан жаңа баспана үшін ғана ала алады. Қазақстанда ипотеканы 10 коммерциялық банк ұсынады.
Барлық басқа бағдарламалар бойынша пайыздық мөлшерлемелер нарықтағы орташа 8,4%-дан жоғары. Бұл – "Баспана Хит", "Орда", бұған дейін аталған "UMAY" бағдарламалары және бірқатар екінші деңгейдегі банктерінің ұсыныстары.
Айта кетейік, нарықтағы коммерциялық ипотеканы Қазақстанда 10 екінші деңгейлі банкі ұсынады. Сегменттегі орташа мөлшерлеме 17,07%-ды құрайды. Мұндай өнім үшін ең төменгі мөлшерлеме 12,1% (Банк ЦентрКредит, бастапқы төлем – 20%, мерзімі – 15 жылға дейін), максималды – 26,5% (Қазақстандағы Қытай Банкі, бастапқы төлем – 50%, мерзімі – 7 жылға дейін).
Ипотека мөлшерлемесінің құны бойынша рейтингте 2021 жылғы мәліметтер бойынша Қазақстан 76 елдің арасында 59-орында.
ranking.kz "тұтастай алғанда, Қазақстандағы ипотекалық несие нарығы дамыған, жан-жақты және халықтың алуан түрлі топтарына, отбасылық бюджеттерге және өмірлік жағдайларға арналған деп қорытынды жасауға болады", деп жазады.
Құралай Құдайберген