Қазақстан киіктерді жазда көшіру үшін Ресеймен келіссөз жүргізіп жатыр

228

Биыл киіктер шаруаларға қанша көлемде шығынға батырды?

Қазақстан киіктерді жазда көшіру үшін Ресеймен келіссөз жүргізіп жатыр Фото: www.gov.kz

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев елдегі егін аумақтарын киіктерден қорғау үшін қандай шаралар жүргізілетінін айтып берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

– Киік популяциясы 2003 жылы 21 мың ғана болса, биыл – 2 млн 833 мыңға дейін өсті, ал көктемгі төлден кейінгі саны шамамен 4 миллионға дейін көбейеді. Қазіргі таңда әлемдік популяциясының 99 проценті Қазақстанда мекендейді, – деді министр Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.

Халықаралық табиғатты қорғау одағы Қызыл кітапта киіктің табиғи қорғау мәртебесін үш санатқа жоғары көтеріп, "Жойылу қаупі төніп тұрған" санатынан "Қауіп төну шегіне жақын" санатына ауыстырды. 

– Біз киікті қорғау жұмыстарын әлі де жалғастырамыз. Оған қоса, ауыл шаруашылығы жерлерінің қорғалуын күшейту шараларын жоспарлап отырмыз. Ол үшін қосымша 112 жұмыс орнын ашамыз. Ақбөкендердің таралу аумағы кеңейді, ал инспекторлық құрам жеткіліксіз. Әсіресе, бұл жағдай Батыс Қазақстан популяциясына қатысты. Тарихи тұрғыдан алғанда, Батыс Қазақстан популяциясының ең көп саны 298 мың болатын. Ал қазір төлдеу кезеңінен кейін бұл көрсеткіш 2 миллионнан асты. Сондықтан, біз бұл мәселені ауыл шаруашылығы жерлерін қорғауды күшейту арқылы шешудеміз, – дейді министр. 

Сонымен қатар, Батыс Қазақстан популяциясы немесе Еділ-Жайық популяциясы жаз айларында Ресей Федерациясының аумағына көшіп отыратын. 

– Мұны екі елдің ғалымдары да растайды. Осыған байланысты біз ақбөкендердің жаз мезгілінде тарихи мекендеріне еркін өтуін қамтамасыз ету үшін келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Бұл ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге түсетін жүктемені де азайтуға көмектесуі мүмкін, – дейді Экология министрі. 

Айта кетейік, алпыстан астам құлан "Іле-Балқаш", "Алтын Дала" резерваттарына көшірілді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу