Бүгінде бұл даталар тек күнтізбелік белгі емес, қоғамдық сананы қалыптастыратын маңызды құралға айналып үлгерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ресми деректерге сай, Қазақстанда мемлекеттік және ұлттық маңызы бар бірнеше негізгі мереке бар. Олар – Жаңа жыл, Наурыз мейрамы, Қазақстан халқының бірлігі күні, Отан қорғаушылар күні, Жеңіс күні, Астана күні, Конституция күні, Республика күні және Тәуелсіздік күні. Бұл күндер елдің қоғамдық өмірінде маңызды саналады және демалыс күндері ретінде белгіленген.
Қазақстандағы ең ірі әрі тарихи мәні бар мерекелердің бірі – Наурыз мейрамы. Бұл мейрам – жыл сайын 21-23 наурыз аралығында атап өтіледі және елдегі ең ауқымды мәдени мерекелердің бірі. Наурыз көктемнің келуін, жаңару мен бірлікті білдіреді. Мереке күндері республика бойынша ұлттық ойындар, этномәдени фестивальдер, қайырымдылық іс-шаралары мен концерттік бағдарламалар өткізіледі.
– Ұлыстың ұлы күні – ұлтымыздың ұлық мейрамы. Бұл – біздің ата дәстүріміз. Шуақты көктем мерекесінде бүкіл дүние қайта жаңғырады. Күн мен түн теңеледі. Қазақ елі әз-Наурызды көне заманнан бері тойлап келеді. Наурыз – ең алдымен, игілікті істердің мерекесі. Осы күндері әр үйде ақ дастарқан жайылады. Ел-жұрт бір-бірімен қауышып, ақ тілегін айтады. Мұқтаж жандарға қайырымдылық жасап, қамқорлық көрсетеді, – деген еді ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мамыр айындағы мерекелер де қоғамдық маңызы жағынан ерекшелікке ие. Мысалы, 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні елдегі түрлі этнос арасындағы татулық пен келісімді дәріптеуге арналған. Бұл күні өңірлерде мәдени фестивальдер, этномәдени бірлестіктердің концерттері және халықтық мерекелік іс-шаралар өткізіледі.
Ал 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні Қазақстан Қарулы күштерінің құрылған күніне байланысты тойланады. Бұл – әскери қызметшілерге құрмет көрсету және патриоттық рухты қалыптастыру мақсатындағы мән-маңызға толы күн.
9 мамыр – Жеңіс күні. Бұл күн жеңіске арналған еске алу іс-шараларымен, ардагерлерді құрметтеу рәсімдерімен және патриоттық іс-шаралармен ерекшеленеді.
Қазақстандағы маңызды мемлекеттік мерекелердің бірі – Конституция күні. Бұл мереке жыл сайын 30 тамызда атап өтілетін еді. Ол 1995 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясына арналған болатын.
Ал кеше ғана өткен саяси науқаннан соң Президент 15 наурыздың тарихи күн екенін атап өтті.
– Шын мәнінде, бұл күн ел өмірінде мәңгі сақталады. Енді 15 наурыз – Конституция күні болып белгіленеді. Бұл – еліміздің басты құжаты. Мен басқа да мемлекеттердің конституцияларымен танысып шықтым. Біздің Конституциямыз ең үздік Ата заңдардың қатарында тұрады деп сеніммен айта аламын, – деді Мемлекет басшысы.
Яғни, енді 15 наурыз мемлекеттік институттардың дамуы мен құқықтық жүйенің қалыптасуын еске салатын символдық мәнге ие күн саналады.
Соңғы жылдары ерекше мән беріліп жүрген мерекенің бірі – Республика күні. 25 қазанда атап өтілетін бұл күн 1990 жылы Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданған тарихи оқиғаға байланысты. 2022 жылдан бастап Республика күні ұлттық деңгейдегі басты мерекелердің бірі ретінде қайта жаңғыртылып, елдің тәуелсіздік тарихындағы маңызды кезеңді білдіреді.
Жыл соңындағы ең маңызды мемлекеттік мереке – 16 желтоқсанда атап өтілетін Тәуелсіздік күні. Бұл күн 1991 жылы Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде жарияланғанын білдіреді және елдің заманауи тарихындағы ең маңызды даталардың бірі саналады.
Соңғы жылдары Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар кәсіби мерекелердің саны да артып келеді. 2025 жылы еңбек және әлеуметтік қорғау саласындағы құжаттарға өзгерістер енгізіліп, бірнеше жаңа кәсіби мереке белгіленді. Олардың қатарында Қазақстан қолөнершілері күні (7 шілде), табиғи монополиялар қызметкерлері күні (9 шілде), санитариялық-эпидемиологиялық қызмет қызметкерлері күні (15 қыркүйек), қоғамдық тамақтандыру саласы қызметкерлері күні (20 қазан) және Қазақстан кәсіпкерлері күні (29 қазан) бар.
Бұл мерекелердің енгізілуі экономиканың түрлі саласында еңбек ететін мамандардың еңбегін қоғам алдында дәріптеуге бағытталған. Сарапшылардың пікірінше, кәсіби мерекелердің көбеюі еңбек мәдениетін дамытуға және түрлі саланың мамандарына қоғамдық құрмет қалыптастыруға ықпал етеді.
Мерекелік күндер тек демалыс уақыты ғана емес, сонымен қатар қоғамдық сананы қалыптастыратын әлеуметтік институт ретінде де маңызды. Олар тарихи жадыны сақтауға, ұлттық құндылықтарды насихаттауға және азаматтық бірегейлікті нығайтуға қызмет етеді.
Қазақстандағы мерекелік күндердің жүйесі қоғамның мәдени, тарихи және әлеуметтік ерекшеліктерін көрсетеді. Мемлекеттік мерекелер ұлттық тарих пен тәуелсіздікті дәріптесе, әлеуметтік және кәсіби мерекелер қоғамның түрлі саласында еңбек ететін азаматтардың үлесін айқындайды.
Мұндай мерекелер қоғамдағы ынтымақ пен бірлікті нығайтуға, жастардың патриоттық тәрбиесіне және ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға ықпал етеді.