Қазақстан көрші елдердің су шаруашылығы саясатына тәуелді – министр

395

Ел аумағындағы орташа көпжылдық өзен ағыны 12,5 шаршы шақырымға азайған.

Қазақстан көрші елдердің су шаруашылығы саясатына тәуелді – министр Фото: inbusiness.kz

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Үкімет отырысында трансшекаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелері туралы баяндады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Тиісті ведомство 2024-2030 жылдарға арналған су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасының жобасын әзірледі.

Нұржан Нұржігітовтің дерегінше, географиялық ерекшеліктеріне байланысты Қазақстанның сегіз су шаруашылығы бассейнінің жетеуі трансшекаралыққа жатады. 

"Салдарынан Қазақстан негізінен көрші елдердің, атап айтқанда Қытай Халық Республикасы, Ресей Федерациясы және Орталық Азия елдерінің су шаруашылығы саясатына тәуелді. Осыған байланысты Арал-Сырдария (90%), Жайық-Каспий (80%), Шу-Талас (75%), Балқаш-Алакөл (45%) су шаруашылығы бассейндері, ең азы Тобыл-Торғай (12%) және Ертіс (20%) су шаруашылығы бассейндері неғұрлым осал. География және су қауіпсіздігі институтының 2023 жылғы 1 наурыздағы мәліметтеріне сәйкес, 1960 жылмен салыстырғанда Қазақстан аумағындағы орташа көпжылдық өзен ағыны 12,5 шаршы шақырымға азайды. Оның ішінде жалпы көлем қысқаруының 9 шаршы шақырымы немесе 72 пайызы жергілікті өзендердің үлесіне, ал трансшекаралық өзендердің үлесіне 3,5 шаршы шақырымы немесе 28 пайызы тиесілі", - деді министр.

2030 жылға дейін трансшекаралық ынтымақтастықты дамыту су қатынастары саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі басым бағыттарының біріне айналуы тиіс, деп жалғастырды спикер.

"Трансшекаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту шекаралас мемлекеттермен трансшекаралық су ағындарын бірлесіп пайдалану, қорғау туралы жаңа екіжақты және көпжақты шарттық базаны құруды және қолданыстағы шарттарын жетілдіруді талап етеді", - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу