Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда айналымында статистикалық алшақтық бар – мәжілісмен

1183

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың сөзінше, бұл алшақтық бәрібір нөлге жақындамайды.

Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда айналымында статистикалық алшақтық бар – мәжілісмен  Фото: dknews.kz

Мәжіліс отырысында депутат Мақсат Толықбай Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда айналымындағы статистикалық алшақтық мәселесін көтерді, деп жазады inbusiness.kz. 

"Қытай мен Қазақстан арасындағы сауда айналымының статистикалық мәліметтері екі түрлі. Айырмашылық – миллиардтаған доллар. Ол бұған дейін де айтылды. Бұл айырмашылық қайдан пайда болғанын бізге ешкім түсіндіріп бере алған жоқ. Мемлекет басшысы барлық мемлекеттік органдар парақорлықпен бірігіп күресу керек деген еді. Мемлекеттік органдар қаншалықты үйлесімді жұмыс істеп жатыр?", - деп сұрады халық қалаулысы Мақсат Толықбай.

Министр Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, Қытайдың өзге елдермен сауда айналымында да статистикалық арақашықтық байқалады.

"Қытаймен екі ортадағы статистикаға келер болсақ, оның бірнеше факторлары бар. Біріншіден, Қытай тек қана Қазақстанмен емес, дүние жүзіменен тауар алмасатын алпауыт мемлекет. Оның АҚШ-пен статистикалық арақашықтығы 50-60 млрд долларға дейін жетіп жатады. Еуропа елдерін алсақ, Германиямен де сондай нақты деректері бар. Басқа көршілес мемлекеттермен де деректері сәйкес келмей жатады. Бұған бірнеше себеп бар. Қытайдың экспорттаушылары тауарды сыртқа шығарған кезде бірнеше жеңілдіктер алады. Әсіресе, қосылған құн салығын қайтару кезінде. Сондықтан олар өздерінің тауарларының сомасын артық мөлшерде көрсетеді. Екіншіден, олар барлық тауар сыртқа шыққан кезде оны экспорт деп көрсете береді, олар транзит деп көрсетпейді", - деп жауап берді ведомство басшысы.

Ол бұл мәселенің шешімі цифрландыру екенін баса айтты. 

"Біз арнайы топ жібердік. Қытайдың тауарларды жіберетін бірнеше пункттері бар. Пункттерде тауарлардың бағаларының индикаторлары нақты анық көрсетсе, біз сол индикаторде қабылдаймыз. Алдын ала ақпараттандыру деген жүйе бар. Яғни, олар тауарлар кетіп жатқанда алдын ала ақпаратты бізге береді. Әрине, бұл жерде қолмен әкелетін жүктер бар, басқа да факторлар бар. Сондықтан бұл алшақтық бәрібір нөлге жақындамайды, қандай да бір алшақтық болады. Дегенмен кеден саласында көптеген реформа жүріп жатыр. "Астана-1" деген ақпараттық жүйе жұмыс істеп жатыр", - деді министр.

Бұл ақпараттық жүйенің әзірлеушісі шетелдік мекеме болған. Қазір біз оны әрі қарай модификациядан өткізу үшін үлкен қиындықтарға тап болып жатырмыз, деді Ерұлан Жамаубаев.

"Сондықтан да біз өзіміздің IT компанияларды тарта отырып, "Кеден" деген ақпараттық жүйені құрудамыз. Оны "Астана-1"-мен параллель түрде жүргізе отырып, бүкіл ақпаратты көшіріп алғаннан кейін, өзіміздің ақпараттық жүйе болады. Яғни оны басқа ақпараттық жүйелермен, әсіресе Қытайменен интеграциялауға бізге оңай болады", - деп түйіндеді Ерұлан Жамаубаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу