Оның айтуынша, ҚМДБ Ғұламалар кеңесі осындай пәтуа шығарған.
Қазақ энциклопедиясында "Қалыңмал – қазақ халқының дәстүрлі ғұрыптық салтындағы қалыңдық үшін берілетін мал" деп түсініктеме берілген.
Қазақ дәстүріндегі қалыңмалды ислам шариғатындағы мәһір деп есептеуге қатысты ғалымдардың бірнеше көзқарасы бар. Яғни, кейбір Хорезмдік және одан да басқа ғалымдар қыздың артынан келетін қалыңмалды "тездетіп берілетін мәһір" деп санапты.
Кейбір ғалымдар қалыңмалды ұзатылып жатқан қызға белгілі бір нәрсенің (жиһаз, т.б.) есесіне берілетін сыйлық деп есептеген.
Қазақ дәстүрінде қалыңмал – қалыңдық үшін берілетін мал-дүние. Егер екі жас ажырасқан жағдайда қалыңдық малы қыздың иелігінде қалатын болған. Осы тұрғыдан қалыңмалды мәһір деп санауға болатындай.
Ал "әке еңбегі", "ана сүті", т.с.с. қыздың әке-шешесіне, туыстарына берілетін мал-мүлік мәһірге саналмайды. Сондай-ақ, қыздың жасауын әкесі өз мүлкінен алып берсе, бұл мәһір болып есептелмейді.
Қалыңмал берілмейтін өлкелерде неке қию барысында мәһірді белгілеуі тиіс. Мәһір белгіленбеген жағдайда некесі дұрыс болады. Бірақ, күйеуі мәһір-мисл береді.
ҚМДБ Ғұламалар кеңесі барлық жайтты ескере келе мынадай шешім шығарған:
– Күйеуі тарапынан берілетін қалыңмалды қыздың разылығымен мәһірге жатқызуға және артынан алып баратын жасауына пайдалануға болады.
– "Әке еңбегі", "ана сүті" секілді қыздың әке-шешесіне, туыстарына берілетін мал-мүлік (кәдесый, т.б.) мәһірге жатпайды.