Елімізде ашылған кен орындарының 90 пайыздан астамы инвесторлардың қолында

669

Елімізде ашылған кен орындарының 90 пайыздан астамы инвесторлардың қолында

Қазақстан сапалы шикізат тапшылығына тап болуы мүмкін. Бұл туралы бүгін мәжілісте "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" ҚР Кодексі жобасын таныстырған ҚР инвестициялар және даму вице-министрі Тимур Тоқтабаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, кодекс жобасының негізгі жаңалықтары пайдалы қазбалар қорын есепке алудың халықаралық стандарттарға негізделген жүйесіне көшу, "бірінші өтінім" қағидаты бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын берудің австриялық моделін енгізу, геологиялық ақпараттың ашықтығын қамтамасыз ету, жер қойнауын пайдаланушылардың міндетті есептілігі, жер қойнауын пайдалану салдарын жою тәртібін жетілдіру болып табылады. Осыған орай вице-министр жер қойнауын пайдаланудағы инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған шұғыл шаралар қабылданбаса, Қазақстан орта  мерзімді келешекте кәсіпорындар қажеттілігін қамтамасыз етуде сапалы шикізат тапшылығымен бетпе-бет келуі мүмкін екендігін баса айтты.

"Қазақстанда барлауға жұмсалатын инвестиция көлемі 1 шаршы метрге шаққанда небәрі 7 долларды құрайды. Мәселен, бұл көрсеткіш Австралияда 168, ал Канадада 203 долларға тең. Қазақстан 1 шаршы метрді зерттеуге арналған шығындар көлемі бойынша көшбасшы елдерден 20 және одан да көп есе артта қалып отыр. Бізге шұғыл арада дәл осы геологиялық барлауға инвестиция тарту қажет.  Жер қойнауы саласындағы заңнаманы әлемнің үздік тәжірибесіне сәйкестендірмей бұл мақсатқа қол жеткізе алмаймыз", - деді ол.

Оның сөзіне қарағанда, Қазақстанның қазіргі геологиялық әлеуметі сонау кеңестік заманында жасалған. Мұраға мыңнан астам кен орындарын алған еліміз соның арқасында инвестиция тарта алды және бүгінгі күні ашылған кен орындарының 90 пайыздан астамын инвесторлар игеруде.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу