Республикалық бюджеттің орындалуы туралы Есеп комитетінің есебі бойынша сөз сөйлеген сенатор Ақылбек Күрішбаевтің су тапшылығы мәселесін көтерді. Оның айтуынша, Дүниежүзілік банк 2030 жылға қарай Қазақстандағы су ресурстарының көлемі 90-нан 76 текше шақырымға дейін төмендейтінін болжаған.
"Қазір ауыл шаруашылығы жерлерінің тек 4% заманға сай тамшылату тәсілімен суарылады. Бұл бар болғаны – 62 мың га. Халықаралық сарапшылар атап өткендей, бізде суды жоспарлау, бақылау және пайдалану жүйесі тиімсіз. Яғни біздің еліміздегі су дағдарысы ең алдымен басқарудағы дағдарыстың салдарынан болып отыр",–дейді сенатор.
Депутаттың сөзіне сенсек, су ресурстары комитетінің өзінде қызметкерлердің көпшілігінің салалық жұмыс тәжірибесі жоқ. Ал "Қазсушар" мекемесіндегі қызметкерлердің тек жартысы ғана тиісті кәсіби білімге ие. Салада кадрлар тапшы.
"ЖОО-ларда су мамандарын даярлау сапасын арттыру, Жамбыл гидромелиоративтік институтын қалпына келтіру, Қазақстанда су проблемалары бойынша әлемдегі жетекші университеттің филиалын ашу, су шаруашылығы ҒЗИ-ның жұмысын жандандыру, білімді арттыру және мамандарды қайта даярлау жөніндегі өңірлік орталықтарды құру қажеттілігі туралы жылдар бойы айтылып келеді. Бірақ бұл мәселелер бүгінге дейін шешілмеді. Судың да сұрауы бар емес пе?", – дейді ол.
"Су объектілерінің көпшілігінде қазірге дейін гидрологиялық бекеттер жоқ, сондықтан елімізде қанша су қоры бар екенін нақты білмейміз. Трансшекаралық өзендер туралы халықаралық келіссөздерде біз ғылыми негіздемелеріміздің әлсіздігінен және комиссия мүшелерінің жиі өзгеріп отыруынан ұтылып жатамыз. Атап айтқанда, осы бағытта біз қытайлық әріптестерімізден едәуір артта қалып отырмыз. Бұл – біздің көршілерімізбен су бөлісу мәселесінде әлсіз тұсымыздың бірі. Осылайша, елімізде стратегиялық маңызы бар су шаруашылығы саласын кадрлық және ғылыми қамтамасыз ету мәселелері толғағы жеткен сұраққа айналды", – дейді Ақылбек Күрішбаев.
Аян Бекенұлы