Қазақстанда 4 мыңнан астам адам донорлық ағза кезегінде тұр

Олардың қатарында 200-ден астам павлодарлық бар. 

Қазақстанда 4 мыңнан астам адам донорлық ағза кезегінде тұр Фото: transplant.kz

Елімізде 2012 жылдан бері қайтыс болған адамның ағзаларын трансплантация жасау тәжірибесі жүргізіліп келеді. Алайда көпшілігі мұндай тәжірибеге әлі де назар аудармайды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Статистикалық дерек бойынша, республика көлемінде 4200 адам донор кезегінде тұр. Оның ішінде 216 адам Павлодар облысында тұрғыны. Олардың басым бөлігіне "жаңа" бүйрек керек. Атап айтқанда, 207 науқас бүйрегінің жұмыс істеуі салдарынан аппараттарға қосылып, ауыр ем қабылдауға мәжбүр. Оның екеуі – бала. Тағы 8 павлодарлық бауыр ауыстыруды қажет етсе, екі адамға жүрек, бір тұрғынға өкпе керек. Бұл туралы трансплантология бойынша өңірлік үйлестіруші Дмитрий Потеребух айтты.

Бірақ осындай сырқатқа шалдыққандарға көмек көрсету қиындық тудырып отыр. Себебі елімізде донорлар қатары аз. Айталық, Павлодар облысында 300 тұрғын қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісім берген. Соның өзінде кейін соңғы сөзді туыстарды айтады. Ал 6700-ден астам азамат электронды үкімет немесе өздері тіркелген емхана арқылы донор болудан түбегейлі бас тартқан.

"Былтыр Павлодар облысында потенциалды 13 донор болды. Бірақ сегіз адамның туған-туыстары оның ағзасын басқа адамдарға салуға қарсылық білдірді. Ал үш адамның жақындары рұқсатын берді. Алайда, екі донордан инфекциялар анықталғандықтан, трансплантация жүргізе алмадық. Сондықтан кардиологиялық орталықта инсульт салдарынан қайтыс болған тек бір адам басқа үш науқастың өмірін сақтап қалды. Жүрек астаналыққа салынса, бүйректері Абай облысындағы бала мен Қарағандының тұрғынына берілді",  дейді трансплантолог.

Дәрігерлердің айтуынша, кей адамдар ағза ауыстыру жүйесін жіті түсінбегендіктен, қарсылық танытып жатады. Тіпті, кейбірі өмірден өткен адамның ағзасы саудаға салынады деп топшылайтын көрінеді.

"Кей адамдар кома мен ми жұмысы тоқтауының ара-жігін ажыратпай жатады. "Қалың ұйқыға" кеткен адамнан үміт болса, мидың тоқтауы адамның өлімін білдіреді. Мұндай диагноз дәрігерлер консилиумының шешімі бойынша ғана қойылады. Донорлық тек ми жұмысы тоқтаған кезде қарастырылады. Сонымен қатар, кей азаматтар донордың ағзасы кім көп ақша берсе, соған сатылып кетеді деп жаңсақ ойлайды. Бірақ мүлде олай емес. Барлығын жүйе өзі таңдайды. Яғни, ағзаның сәйкестігі автоматты режимде анықталады. Содан соң науқастың жағдайына байланысты шешім қабылданады", – деп түсіндірді Павлодар облыстық кардиологиялық орталығы бойынша трансплантология жөніндегі стационарлық үйлестіруші Ренат Сарин.

Жалпы, елімізде 20 миллион тұрғынға шаққанда донорлық белсенділік 0,2%-ды құрайды. Бұл тұрғыдан алғанда Беларусь елінің жүйесі өзгеше. Мұнда келісім презумпциясы заңдық негізде жұмыс істейді. Яғни, егер адам көзі тірісінде трансплантациядан бас тартпаса, өмірден өткеннен кейін автоматты түрде донор деп саналады. Сондықтан қазақстандықтардың басым бөлігі ағза ауыстыру үшін осы елге баратын көрінеді. Мұнда кезек біздің елмен салыстырғанда жылдамдырақ қозғалып, үш ай ғана күтеді. Салыстырмалы түрде қарасақ, біздің отандастарға жылдап күтуге тура келеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу