Қазақстанда 97 мыңға жуық баланың мүгедектігі бар

936

3 желтоқсанда Халықаралық мүгедектер күні атап өтіледі.

Қазақстанда 97 мыңға жуық баланың мүгедектігі бар

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Қазақстанда 702 мыңнан астам адамның мүгедектігі бар, деп жазады inbusiness.kz.

Сол 702,1 мың адамның 60,5% пайызы, яғни 424,5 мыңы еңбекке қабілетті жаста. 180,7 мыңы зейнеткерлік жаста (25,7%) болса, 96,9 мыңы 18 жасқа дейінгі балалар (13,8%).

Оларға мемлекет тарапынан қандай көмек бар? ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамнан шет қалмай, басқалармен теңдей өмір сүріп, жұмыс істеп, білім алып, кедергілерді еңсерулері үшін жұмыстар атқарылып жатқанын айтады. Мысалы мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен протездік-ортопедиялық көмекпен, сурдо-тифлотехникалық құралдармен, кресло-арбалармен, санаторий-курорттық емделумен, міндетті гигиеналық құралдармен, жеке көмекшінің және ымдау тілі маманының қызметтерімен қамтамасыз етіледі.

Айтуынша, 2021 жылы әлеуметтік төлемдерге, техникалық құралдармен және оңалту қызметтерімен қамтамасыз етуге мемлекеттік бюджеттен 486 млрд теңге көзделген.

2021 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылардың саны 524,5 мың адам болды. 2021 жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында республикалық бюджеттен мүгедектігі бойынша МӘЖ төлеуге 257,9 млрд теңге жұмсалған. 2021 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша мүгедектігі бойынша МӘЖ-дің орташа мөлшері 48 690 теңгені құрады.

"Азаматтарға ыңғайлы болу үшін 2020 жылы мүгедектігі бар адамдарға оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерін өндіруші мен жеткізушіні өз бетінше таңдауға мүмкіндік беретін Әлеуметтік қызметтер порталы іске қосылды. Жыл басынан бері портал арқылы 266 мыңнан астам мүгедектігі бар адам ОТҚ, 6 мыңнан астамы – ымдау тілі қызметін, 33 мыңнан астамы – жеке көмекшінің қызметін, 55 мыңға жуығы – санаторлық-курорттық ем алды", – дейді Серік Шәпкенов.

Сонымен қатар, "Nur Otan" партиясының "Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!" атты сайлауалды бағдарламасын орындау мақсатында Еңбекмині мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қамсыздандыру және олар алатын қызметтердің сапасын арттыру мақсатында заңнаманы жетілдіру бойынша үлкен жұмыс жүргізген.

"Мемлекет Басшысының 12 қазанда азаматтардың осы санатын әлеуметтік қамсыздандырудағы бірқатар жақсартушы нормаларды қамтитын жаңа заңға қол қоюы маңызды оқиға болды. Құжатта: мүгедектіктің I тобы бар адамдарды күту және оларға еріп жүру бойынша бірыңғай жәрдемақыны енгізу; алынатын жәрдемақыларды ұлғайта отырып, балаларды 7 жастан бастап мүгедектік топтары бойынша бөлу көзделеді; мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақыны бір мезгілде алу; мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға тұрғын үй кезегін сақтау және басқалары көзделген", – дейді министр.

Сондай-ақ, халықтың басқа санаттарымен қатар мүгедектігі бар адамдар тұрақты тұратын немесе қызмет алатын медициналық-әлеуметтік мекемелердің қызметін регламенттейтін бірқатар бұйрықтарға өзгерістер енгізілген. Атап айтқанда, барлық МӘМ-де бейнебақылау камераларын орнату қарастырылған. Камералар ұйымға іргелес жатқан аумақтың периметрі бойынша, негізгі және қосалқы кіреберістердің жанында, сондай-ақ үй-жайлар мен жалпы пайдалану кабинеттерінде орнатылады. МӘМ-дегі туыстары мен жақын адамдарының жазбаларды көруге рұқсаты болады.

Бұдан басқа, МӘМ директорларын тағайындау кезінде оларға қойылатын біліктілік талаптары қайта қаралды. Бұл азаматтармен жұмыс істеуде үлкен тәжірибесі бар қоғамдық бірлестіктердің, үкіметтік емес және басқа да ұйымдардың басшыларын тарту арқылы өңірлердегі кадрлық дағдарыс проблемасын шешуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, МӘМ-нің материалдық-техникалық қамтамасыз ету нормативтері жақсарды.

"Елімізде 700 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тұрады. Еңбек етуге қабілетті 126 мың адам экономикада жұмыспен қамтылған, бұл шамамен 30%-ды құрайды. Жұмысты жақсырақ таңдау үшін олар үшін Кәсіптер атласы әзірленді, ол тіршілік-тынысының шектелу түрлері бойынша 432 комбинациядан тұрады, шамамен 3 мың кәсіпті қамтиды. Ағымдағы жылы жұмыспен қамту шараларымен 15 мың адам қамтылды", – деді Серік Шәпкенов.

Министр сондай-ақ әлеуметтік және кәсіби бейімделу мақсатында республиканың барлық өңірлерінде 19 "Ten Qogam" орталықтары ашылып, жұмыс істеп жатқанын хабарлады. Орталықтарда психологиялық және құқықтық көмек, жұмысқа орналасуға жәрдем көрсетіледі.

 "Әлеуметтік оңалту қызметтерін кеңейту үшін министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп балаларға арналған 6 шағын жинақты оңалту орталығын ашты (Павлодар облысы – 150 баланы қамту; Қызылорда – 150; БҚО – 100; Ақтөбе – 350; Ақмола облысы – 100; Нұр-Сұлтан қаласы – 150). Бұл 5,8 мың баланы немесе 47%-ын оңалту қызметтерімен қамтуға мүмкіндік берді" – деп толықтырды Еңбекминінің басшысы.

Мемлекет басшысының Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің IV отырысында берген тапсырмасына сәйкес Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға Факультативтік хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасы әзірленді. Құжат Мәжіліске қарауға енгізілді.

Сонымен қатар, әлеуметтік қызмет жүйесін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Ұлттық жоспардың жобасы әзірленді, онда әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жан басына шаққандағы қаржыландыруға көшіру жөніндегі шаралар ескерілген.

"Мүгедектігі бар адамдарды оңалту қызметтерімен қамтуды кеңейту міндеті шешілетін болады. 12 өңірде 2022-2024 жылдары әрқайсысы 150 орындық жаңа оңалту орталығын салу жоспарланған. Жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, жер телімдері бөлінді. Сонымен қатар, NUR OTAN партиясының бағдарламасын іске асыру жөніндегі жол картасына сәйкес, алдағы 5 жылда мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында балаларға арналған 15 орталық ашу жоспарланған", – деді министр.

Сондай-ақ, "Nur Otan" партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі жол картасына сәйкес қолжетімді ортаны қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілуде. 2025 жылға дейін анағұрлым басымдықтағы 22 мың объектіге (мемлекеттік мекемелер, ХҚКО, емханалар, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт объектілері), жыл сайын 4 400 объектіге қолжетімділікті қамтамасыз ету жоспарланған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу