Қазақстанда алдағы уақытта туу көрсеткіші бәсеңдейді — демограф

457

Соған қарамастан халық саны тұрақты өсімді көрсетеді. Ал 2021-2022 жылдары туылған балалардың рекордтық саны мемлекет алдына жаңа міндеттер қояды.

Қазақстанда алдағы уақытта туу көрсеткіші бәсеңдейді — демограф

Осы тұрғыда Мемлекет басшысының Жолдауда "Келешек" атты бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізуі үлкен серпіліс. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Азиза Шужеева айтып берді, деп жазады Inbusiness.kz.

"Еліміздің демографиялық саясатына қатысты Жолдаудан іліп алар жаңалық — Жолдауда "Келешек" атты бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізу. Себебі коронавирус індеті кезінде, яғни 2021-2022 жылдарда Қазақстанда соңғы 30 жылда бірінші рет туу көрсеткіші рекордтық мәнге жетіп, небәрі 2 жыл ішінде 1 млн нәресте дүниеге келді. Қазір ол балалар екі-үш жасқа толды, әне-міне дегенде мектепке барады. Сондықтан қазірден сапалы білім беру үшін қамдана бастаған дұрыс. Оған қоса, технологиялар күнара дамып, тенденциялар жарық жылдамдығымен өзгеретін заманда біз алдын-ала еңбек нарығында 20-30 жылдан кейін нақты қандай мамандар қажет болатынын, қазақстандық бизнес бағытының қайда бұрылатынын болжай алмаймыз. Сондықтан мемлекет ата-аналарды қазірден білімге қаражат жинауға, инвестиция салуға ынталандыруы керек деп ойлаймын", — деді А. Шужеева.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында Қазақстан халқы әлем бойынша ең жас саналатынын ерекше атап өтіп, біздің қоғамда еңбекке жарамды жұртшылықтың көптігін оң бағалады, алайда демограф маманның айтуынша, мұндай тенденцияны екі жақтан қарау керек.

"Біздің қоғамда жастардың көп болуы, әрине, экономикалық жағынан пайдасы көп — еңбекке жарамды жұмыс күші Қазақстанның дамуы үшін таптырмас адами ресурс. Ал екініші жағынан, оларға сапалы білім беру, медициналық сақтандыру, жұмыс орнын қамтамасыз ету керек болады. Барлық салаларда мәселесі бастан асатын Қазақстан үшін бұл үлкен сынақ болайын деп тұр", — деді сарапшы.

Сөз соңында маман алдағы уақытты елімізде әдеттегідей бэби-бум күтілмейтінін айтып, өз болжамдарымен бөлісті.

"Демографиялық дамуға келер болсақ, алдағы уақытта туу көрсеткіші кішкене төмендейді, себебі қазір репродуктивті жастағы адам саны аз, өйткені олар кезіндегі демографиялық тоқырау кезеңінің ұрпақтары. Оған қоса урбанизацияның қарқын алуы да белгілі бір деңгейде әсер етті. Ал, керісінше, өмір сүру жасы тұрақты түрде өсе береді. Ол да әлеуметтік салаға көңіл бөлініп, қомақты қаражат салынуын талап етеді", — деп түйіндеді Азиза Шужеева.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу