Мектептердегі оқушы орнының тапшылығы негізінен Астана, Алматы, Шымкент қалаларында және Алматы, Түркістан облыстарында қалыптасқан. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Еліміздің өңірлерінде қалалар мен ауылдарда оқушы орындарының нақты тапшылығы қандай? Оны шешу үшін қандай жүйелі шаралар қабылданып жатыр? Бір жайлы мектеп құрылысын салу қаншалықты тиімді? Себебі, бір ғана мұндай мектепке жұмсалатын қаражатқа 2-3 қарапайым мектеп те салуға болмас па еді?", - деп сұрады Сенат депутаты Алтынбек Нұхұлы ведомство басшысынан.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың сөзінше, қабылданып жатқан жүйелі шаралардың негізінде мемлекеттегі оқушы орнының тапшылығы, үш ауысымды және апатты мектептердің мәселесі шешіліп келе жатыр.
"Биылдың өзінде 132 мың оқушы орнына арналған 154 мектептің құрылысы іске асуына байланысты 12 апаттық және 29 үш ауысымдық мектептің мәселелері шешіліп отыр. Оқушы орнының тапшылығы негізінен Астана, Алматы, Шымкент қалаларында және Алматы, Түркістан облыстарында қалыптасқан", - деп жалғастырды ведомство басшысы.
Ғани Бейсембаев елімізде 52 апатты мектеп, 112 үш ауысымды мектеп барын атап өтті.
"Бүгінде өзіңіз көтеріп отырған "Жайлы мектеп" шеңберіндегі 740 мың оқушы орнына арналған 369 мектеп осы мәселелерді түбегейлі шешуге бағытталған. Жайлы мектептің аясында осыған дейін болмаған мектепті тиісті заманауи жабдықтармен толық жабдықтау қарастырылған. Онымен қоса,тиісті спорт залдары мен кітапханалар, бұған дейін болмаған жеке бастауыш сынып, орта сынып, жоғары сынып балаларына арналған жеке блоктарды қарастыру көзделген", - деді министр.