Өткен аптада Мәжіліс депутаттары адам саудасына қарсы іс-қимылды реттейтін заңды мақұлдады. Осылайша кейінгі 4 жылда адам саудасына қатысты заңнамаларға екінші рет ауқымды толықтырулар енгізілді. Бұның өзі аталған проблеманың қоғамда тым өзекті болып тұрғанын аңғартады. Бұл туралы inbusiness.kz сайты Kazinform-ға сілтеме беріп хабарлайды.
Ал құжаттағы жаңа өзгерістер адам саудасының алдын алуға ықпал ете ме? Елімізде һәм жаһанда өршіп тұрған осы қылмыс түрінің деректері қандай?
Жылына жүздеген іс ашылады
Ішкі істер министрлігінің дерегіне сенсек, жыл басынан бері Қазақстанда адам саудасы бойынша 30 қылмыстық іс қозғалған. Бұл санатта анықталған қылмыстар 2022 жылы 77 болса, 2023 жылы 152-ге жетіпті. Яғни, бір жыл аралықта екі есеге артып отыр. Әйтсе де ашылған қылмыс санының көбеюін оң құбылыс ретінде бағалауға болады, өйткені қозғалған істердің аз болуы адам саудасының кемігенін білдіртпесе керек.
Жалпы, 2004-2020 жылдар аралығында елімізде ресми 1,5 мың қылмыс тіркелді. Жыл сайын орта есеппен 100-ге жуық іс ашылып отырады. Биыл ашылатын істер саны тіпті көп болуы мүмкін, себебі 22-24 мамыр аралығында Ішкі істер министрлігі өткізген "STOP-трафик" жедел алдын алу шарасы кезінде адам саудасына қатысты тағы 49 факті тіркелген, оның 9-ы тікелей балаларға қатысты.
Жоғарыда айтқанымыздай, адам саудасындағы құрбандар саны біз ойлағаннан әлдеқайда көп болуы мүмкін екенін жоққа шығара алмаймыз. Мысалы, осыған дейін Біріккен Ұлттар Ұйымы Қазақстанда еңбек күші ретінде мәжбүрлі түрде тартылған, сатылған және сексуалды құлдықта жүрген 75 мың адам барын алға тартқан. Із-түссіз жоғалғандардың кей бөлігі осы санатқа қосылуы мүмкін. Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің мәлімдеуінше, елімізде 2,1 мыңға жуық азамат із-түссіз жоғалғандар тізімінде. Ал сексуалды құлдыққа жегілген әйелдер көбіне көршілес Ресей, Түркия мен Сауд Арабиясы секілді елдерден табылады. Аталған елдерге визалық жеңілдіктер бар, жалақысы көп жұмыстар жөніндегі жарнамалар жетерлік.
Бұл тұста адам ағзасын сату қылмысының үлесі барын айта кетейік. 2019 жылы елімізде адам саудасына қатысты 141 қылмыстық іс тіркелсе, соның 59-ы ағза сатуға қатысты болған. Оны кәсіп көзіне айналдырған қылмыстық топ та ұсталғаны есте. Украина, Өзбекстан мен Қырғыз Республикасынан донор тауып, олардың бүйректерін израильдік репициенттерге өткізіп отырған. 2 жылдың ішінде 57 трансплантациялық ота жасап, 10 миллион доллар табыс тапқан.
Арбауға алданатындар көп
Сонымен, Мәжіліс екінші оқылымда мақұлдаған "Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы" заңға тоқталсақ. Жаңа құжаттағы өзгерістер қылмысқа қандай тосқауыл қоя алады? Мәжіліс депутаты, Заңнама және сот-құқықтық комитетінің мүшесі Марат Башимовтың айтуынша, құжатта халықаралық тәжірибелер ескерілген.
Халықаралық шарттарды талап ететіндей адам саудасына қарсы заң бұған дейін Қазақстанда болған жоқ. Бұл құжат арқылы адам саудасына қарсы уәкілетті органдарды құру, олардың міндеттерін белгілеу, жаңа ұғымдарды енгізу, проблемаларды анықтау үшін деректер жиналады. Ең бастысы, құжатта "Адам саудасының ықтимал құрбаны" деген халықаралық ұғым бар. Онда жетім балалар, қараусыз, үйсіз, мүгедектігі бар, психикалық ауруға шалдыққан, есірткі және алкогольге тәуелді, тіпті, жұмыссыз, үйсіз жүрген адамдардың жағдайы ескеріледі, – дейді ол.
Башимовтың сөзінше, медицина ұйымдары мен жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мекеме басшылары жаңа туған нәрестені тастап кету фактісі туралы құзырлы органдарға ескертіп отыруға тиіс, егер хабарламаған жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Сондай-ақ, осы кезге дейін адам саудасы қылмысына Ішкі істер министрлігі мен Еңбек министрлігі бақылау жүргізіп келген болса, осы жолы басқа да мемлекеттік органдарға құзыр беру қарастырылмақ.
Айтпақшы, әлеуметтік желілерде де жанама жарнама тарату арқылы адам саудасын жүргізу көбейді. Осының алдын алу үшін нормативтік-құқықтық актілерге өзгеріс енгізілуде. Интернетте сексуалдық қызметтерді ұйымдастырғандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бірнеше жыл бұрын Internet World Stats ұйымы қазақстандықтарды интернет арқылы арбауға ыңғайлы елдердің қатарына кіргізгенін де ескерте кетейік.
Еркіндігінен айырылған ерлер де бар
Қазақстанда адам саудасының алдын алу, қылмыстық топтардың тұзағына түскен адамдарға көмектесу мақсатында жұмыс істейтін қоғамдық ұйымдар, орталықтар бар. Соның бірі – Шымкент қаласында орналасқан "Сана сезім" құқықтық орталығы. Ұжымның директоры Шахноза Хасанова мәселеге байланысты бірнеше жайларды баяндады.
Орталық құқықтық көмек, еңбек миграциясымен қатар адам саудасының алдын алу мақсатында түрлі жобалармен айналысады. Көп жағдайда құжатсыз жүрген шетел азаматтарын бопсалап, еңбекке жегу оқиғалары кездеседі. Сондықтан еңбек мигранттарына құқықтық тұрғыдан көмек беру ісін атқарамыз. Тағы бір өзектісі – балалар қауіпсіздігі. Себебі елімізде кәмелетке толмаған балаларды жыныстық қанау, еңбекке мәжбүрлеу, тіпті, қайыр сұрату үшін ұрлайтындар барын тәжірибе көрсетті, – дейді маман.
Сондай-ақ ол адам саудасына тап болып, құлдыққа түсіп жататындарға әлеуметтік фактордың әсері көп екенін айтады. Біріншісі, кедейлік, табыстың аздығы. Ақша табу үшін жұмыс талғамай, көрінген жарнамаға ұрынып қалуы, шетелге шығуы. Екіншісі, азаматтардың өз құқығын білмей, оңай алдануы. Үшіншісі, өзге елден келген жұмысшылардың құжаттары түгел болмауы. Соның әсерінен заңсыз жұмыстарға ұрынады. Төртіншісі, ақыл-ой кемістігі, мүгедектігі бар адамдар. Оларды оңай алдап, жұмысқа жегіп қоятындар бар.
Ашық дереккөздерде адам саудасында құрбан болатындардың 70 пайыздан астамы әйелдер екені айтылады. Әйткенмен орталық директоры еркіндігінен айырылғандардың арасында ер адамдардың да үлесі көп екенін алға тартты.
Бұған дейін 11 қалада үкіметтік емес ұйымдардың серіктестерімен жұмыс істеп көрдік. Статистикаға қарасақ, 2019-2020 жылдары 258 адам саудасы анықталған. Соның 80 пайызы – ерлер, – деп тарқатты Ш.Хасанова.
Алдыңғы өзгерістер жазаны күшейткен
Біз жоғарыда бұған дейін де адам саудасына қатысты заңнамаға біршама өзгерістер енгізілгенін жеткіздік. 2020 жылы аталған қылмыс үшін жаза ауырлады. Солардың арасында адам саудасы, кәмелеттік жасқа толмағандарды сатуға байланысты баптар бар. Қылмыстық кодекстегі "Кәмелеттік жасқа толмаған балаларды сату" деп аталатын 135-бап бұрынғыдан қатаң жаза қолдануды қарастырды. Егер біреуге сатқан немесе сатып алған бала қайтыс болса, оның өліміне кінәлі адам 18 жылға қатаң тәртіптегі колонияға қамалады. Оның алдында осы баптың 4-тармағы бойынша қылмысы дәлелденген тұлға 15 жылға түрмеге қамалатын. "Адам сату" деп аталатын 128-бапқа қатысты жаза күшейтілді. Қылмыс жасаған адам 3-тен 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Ал ең ауыр жаза бұрынғы қалпында қалды – 15 жыл қатаң тәртіптегі колонияға қамау. Адам саудасының жазасына байланысты тартыстар көп. Кей елдер өлім жазасын, енді бірі ұзақ жылға түрмеге қамауды құптаса, басқа сарапшылар ауыр жаза ештеңе шешпейтінін баяндайды. Дегенмен сот жүйесінің ең басты мақсаты айыптыны жазалау емес, түзету екені де ескеріледі.
Ең ірі "үшінші бизнес"
Бұл қылмыстың тыйылмауына заңсыз бизнестегі мол қаржы мен әлеуметтік факторлар әсер етуде. Мәселен, адам саудасы әлемде заңсыз табыс табу жағынан қару-жарақ пен есірткі бизнесінен кейінгі үшінші орында тұр. Ақшаны жылыстатуға қарсы күрес бойынша шаралар әзірлейтін халықаралық FATF тобының дерегінше, адам саудасындағы жылдық қаржы айналым шамамен 150 млрд долларды құрайды. Халықаралық Walk Free Foundation қорының мәліметінде адам саудасымен айналысатын қылмыстық топтардың құлдық тұзағына әлемде жыл сайын 40 миллионға жуық адам түсетіні жазылған. Сандарды тізе беру оңай болғанымен, әрқайсысы бір тағдыр иесі екенін ұмытпаған абзал.