Қазақстанда кедейлер саны көбейіп, еліміз антирекорд жаңартты

304

Қазақстанда кедейлер саны көбейіп, еліміз бұрын-соңды болмаған антирекордты жаңартты.

Қазақстанда кедейлер саны көбейіп, еліміз антирекорд жаңартты Фото: Inbusiness.kz

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, халықтың 6 пайызының табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне де жетпейді, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Бұл дегеніміз бар болғаны 51 мың теңгеге өмір сүретін тұрғындар саны артты деген сөз. Экономистер дер кезінде мұның алдын алмаса елімізде кедей-кепшіктер көзді ашып жұмғанша күрт көбейеді, деп қауіптенеді. Өзге елдер дағдарыстан шығып, халқының қамын уақытылы реттеп жатса, біздің елде неге көрсеткіш кері кетіп барады?

Дауысын өзгертіп, түрін көрсетпеуді өтінген 27 жастағы Жасұлан жеке компанияда күзетші болып істейді. Тепсе темір үзетін зіңгіттей жігіттің жалақысы 60 мың теңге. Жұмысқа 3 күнде бір шығады.

"Қазір мен үйімнің қасында жұмыс істеймін. Сол жерде айлық 60 мың теңге. Бірақ бұрын мен басқа жерде жұмыс істедім, сатушы болып. Сол жерде 80 мың теңге еді айлық. Бірақ қысқарту болды. Сондай айлық болса қалай үйленесің сонда? Бірақ әкенің, анамның арқасында отырасың солай", - дейді Жасұлан.

Мәжіліс мінберінде ең төменгі айлық 300 мың теңге болуы керек деп жүрген Ринат Зайытов 51 мың теңгемен жыртығын жамап жүрген қара халықтың тапқырлығына таң қалады. Депутат мемлекет жұртқа жаны ашыса, мерекелік іс шаралар мен жаңа жылдық безендіруге миллиондап ақша бөлуді тоқтатуы керек, деп санайды. Оған кеткен қыруар қаржыға кәсібін бастаймын дегендерге демеу беріп, талай отбасының тұрмысын түзеуге болар еді. Ал төменгі айлық туралы жалған ақпарат берген министрлікпен ісім әлі бітпеді, деп отыр.

"Бұны одан жоғары деңгейде де қоя беремін бұл сұрақтың түбіне жетпейінше. Себебі мені еңбек министрлігінің жауабы қанағаттандырмайды. Олар өтірік айтып отыр маған да, халыққа да. Бірінші кезекте бекер шашпақтықты, содан кейін жемқорлықты қатты тыйуымыз керек. Мысалы бір қалада 20 млн теңгеге шырша алып не керегі бар? Сол сияқты қажетсіз нәрселер көп сияқты", - дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ринат Зайытов.

Халқының күнкөрісі қиындап, қайта аяққа тұрған Норвегия. 60 пайыз тұрғыны тақыр кедейге айналса да, дағдарысты жеңген Қытай. Осы елдерден сабақ алып, шұғыл шешім қабылдау қажет, дейді экономистер. Бірақ бірінші кезекте Үкімет бізде кедейшілік деген деңгей барын түсінуі тиіс.

"Нақты кімнің кедей екенін, нақты кімнің қанша, қай жерде тұратынын анықтап алу қажет. Және 5 жылдан кейін ол кедейшіліктен шыға ма. Әр адамға өзінің лайықты бағдарламасын дайындау. 5 жылдан кейін осы адам кедейшіліктен кету керек деген сияқты нақты мақсат қою. Сол мақсатқа жауапты нақты бір адамдарды тағайындау. Оның қарызы көп пе? Қарызымен не істейміз. Қарызын тоқтатамыз ба деген кешенді бағдарламалар қолға алыну қажет", - дейді экономист Айбар Олжаев.

Статистикаға сенсек, Қазақстанда тапқан табысы 70 мыңға да жетпейтіндер саны 1 миллионнан асып жығылды. Бірінші несие бюросы бұл соңғы 13 жылдағы ең жоғары көрсеткіш екенін хабарлайды. Кедейлік деңгейі әсіресе Түркістан облысында артқан. Яғни халықтың 10 пайызға жуығы жоқтан жоғары жалақымен жан бағып жүр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу