Қазақстандағы салық саясатын жетілдіру перспективалары, корпоративтік салық салудың жаһандық стратегиялары және олардың қолайлы инвестициялық ахуалды қалыптастырудағы рөлі туралы Қазақстанда аккредиттелген Канада елшісі Николя Бруссо, Еуропалық Одақ елшісі Свен-Олов Карлссон, АҚШ істеріндегі уақытша сенімді өкіл Теодор Линг, Ұлыбритания істеріндегі уақытша сенімді өкіл Джонатан Лейфилд, сондай-ақ EY, Exxon Mobil, Deloitte және т. б. компаниялардың өкілдері баяндама жасады.
Қазақстан тарапынан ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев пен қаржы вице-министрі Қанат Баеділов түсініктеме берді.
Шетелдік өкілдер Қазақстанның салықтық әкімшілендіру реформасын жүргізу бойынша қабылдап жатқан шараларына оң баға берді, сондай-ақ ҚР фискалдық жүйесін одан әрі жаңғырту бойынша бірқатар ұсыныстар айтты.
"2021 жылдың бірінші тоқсанында ҚР экономикасының нақты секторы қарқынды дамыды. Өсім өңдеу өнеркәсібінде (+7,5%), құрылыста (+13,1%) және ауыл шаруашылығында (+2,8%) байқалды. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсуі тау-кен өндірісін есепке алмағанда 34% құрады. Сауда мен көлік саласын қоса алғанда, көрсетілетін қызметтер секторында да оң динамика байқалады", – деді А. Мамин.
Премьер-Министр Үкіметтің дағдарысқа қарсы қабылдаған шаралары нәтижесінде ХВҚ-ның әлемдік экономикаға сәуір айында жасаған шолуында 2021 жылы Қазақстанның ЖІӨ өсімінің болжамы 3,0%-дан 3,2%-ға дейін жақсарғанын атап өтті. Moody's, Fitch және Standard&Poor's жетекші рейтинг агенттіктері де пандемияға дейінгі рейтингтерді растады және Қазақстан экономикасының дамуында 3,2-3,8% аралығындағы оң болжамын жасады.
"Реформаның нәтижесінде салық жүйесі неғұрлым икемді болады және ҚР экономикасына ішкі және сыртқы инвестицияларды тарту көлемін одан әрі арттыруға ықпал етеді. Біз Қазақстанның айқын әрі ашық салық жүйесі бар сенімді және болжамды мемлекет ретіндегі халықаралық ұстанымын одан әрі нығайту бойынша ұсынымдардың тиімді орындалуын қамтамасыз етеміз", – деп түйіндеді Асқар Мамин.