Қазақстанда жатақхана тапшылығы қашан жойылады?

329

Жатақханаларда 20 мың орын тапшы. 

Қазақстанда жатақхана тапшылығы қашан жойылады? Фото: qazaqtv.com

Елімізде жатақхана мәселе өзекті болып отыр. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Мәжіліс кулуарында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Қазір қабылданып жатқан қысқа және орта мерзімді шаралар жүктемені азайтады, алайда ауқымды инфрақұрылымдық бағдарлама қажеттілігін байқап отырмыз. Егер де статистикаға сүйенетін болсақ, 20 мыңнан астам орын тапшылығы бар. Былтыр 43 жатақхана қолданысқа берілді. Бұл – соңғы он жыл ішіндегі рекордтық көрсеткіш. Биыл тағы 10 мың орын қолданысқа беріледі деген жоспарымыз бар. Біз нақты үш шара ұсынып отырмыз. Бірінші – қолданыстағы нысандарды реконструкциялау үшін Астана мен Алматы сияқты ірі қалаларда субсидия нормативтерін 2 есеге арттыру. Бұл бизнес мүдделі болуы үшін қажет. Мәселен, жұмыс істемей тұрған бизнес орталықтар, қонақ үй, хостелдерді толыққанды жатақханаға айналдыруға қажет. Екіншіден, жатақхана құрылысына бизнесті тарту. Жалпы алғанда бұл мәселені шешу үшін жүйелі шешім керек", - деп түсіндірді спикер.

Оның айтуынша,  Ғылым және жоғары білім министрлігі Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша бағдарламаны пысықтап жатыр. Яғни, жатақхана құрылысында мемлекеттің қатысу үлесі 30 пайыз болса, 70 пайыз – жекеменшік кәсіпорын.

Тілшілер министрден "Тапшылық қашан жойылады?" деп сұрады.

"Біздің демографияға қарасаңыздар, дефицит ешқашан жойылмайды. Оны азайтуға болады. Жоспарымыз – 2027-2028 жылға дейін 7-10 мыңның көлеміне дейін түсіру. Ол үлкен дефицит емес. Негізі Астана мен Алматы қалаларындағы мәселені шешсек, басқа өңірлерде ондай үлкен тапшылық жоқ. Қазір ақырындап Ақтөбе, Шымкент, Түркістанда да демография көтеріліп отыр. Сондықтан да қазіргі таңда қолданып жатқан шараларамыз мәселені шешеді", - деді министр.

Сөзінше, ведомствоның мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы ұсынысы биыл қабылданады. 

"Жекеменшік сектор мектептер көп салып жатыр, дәл солай (оларды) жатақханалар мен корпустарды салуға тартамыз", - деп жауап берлі. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу