Қазақстандағы 3 ұйымның халал сертификаттары мойындалмайды

2634

Биыл Ұлттық аккредиттеу орталығы Халал өнімдерін сертификаттау бойынша алғашқы аккредиттеу өтінімін қабылдады. Тексерістен өтпеген ұйымдардың сертификаттары Қазақстанда заңды деп танылмайды. 

Қазақстандағы 3 ұйымның халал сертификаттары мойындалмайды Фото: alterainvest.ru

Елімізде барлығы төрт ұйым халал сертификаттарын берумен айналысады, оның үшеуі — Қазақстан халал-индустриясы қауымдастығы (ҚХИҚ), Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының "Халал Даму" ЖШС және "HALAL Quality Center" ЖШС аккредиттеуден өтпеген, деп жазады Inbusiness.kz тілшісі.

Әзірге мемлекетке тиесілі "ҚазСтандарт" қана аккредиттелді.

Әлі күнге дейін Қазақстанда халалдың жалпыға бірдей стандарттары қабылданбаған, сондықтан сертификат берумен айналысатын әр ұйым өзінің дұрыс деп таныған ережелері бойынша жұмыс істейді. Бүгінгі таңда Қазақстанда халал сертификатын беру құқығы бірден бірнеше ұйымда бар: бұл "ҚазСтандарт" республикалық кәсіпорны, Қазақстанның халал-индустрия қауымдастығы (ҚХИҚ), Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының "Халал Даму" ЖШС және "HALAL Quality Center" ЖШС. Жақында осылардың ішіндегі тек біреуі ғана — республикалық кәсіпорын Ұлттық аккредитация орталығына жүгініп аккредиттеуден өтті. Халықаралық стандарттар мен ұлттық ерекшеліктерге сай тексеріс жүргізген орталық басшылығы қалған ұйымдардың сертификаттары Қазақстан аумағында заңды күшке ие емес екенін айтады.

"Әрбір сертификаттау органы өз талаптары бойынша жұмыс істейді. Кәсіпорындардың аудиті мен сертификаты бойынша жұмыстар қалай жүргізілетінін біліп жатқан ешкім жоқ. Сондықтан біздің аккредиттеуден өтпеген ұйымдардың жұмысы қаншалық заң аясында екеніне баға бере алмаймыз", — деді Ұлттық аккредиттеу орталығы бас директорының орынбасары Бауыржан Мұхамеджанов.

Аккредиттеу барысында бағалаушылар ұйым жұмысының Ұлттық аккредиттеу заңына, Түркия мемлекетімен бірлесе отырып тіркелген стандарттарға сәйкестігі, оның ішінде қарастырылған 38 талапқа сай болуы тексеріледі.

"Аталмыш ұйымдардың сертификаттары тек қана экспортқа арналған, ішкі нарықта ешқандай күшке ие емес. Аккредиттеу — бірінші кезекте сенім құралы. Қазір жоғарыда айтылған ұйымдардың тағы біреуі аккредиттеуге өтініш білдіріп отыр. Дегенмен елімізде бәріне ортақ халал стандарттау ережелері болмайынша, ірі халал инфрақұрылымын құру мүмкін емес. Қазір басты міндет — халал сапа белгісін беруді заңдастыру", — деді ҚР Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Әбсамат Әкімов.

Қазір елімізде халал саласындағы үздік стандарттау талаптарын ұлттық ерекшеліктерге сай енгізу қарастырылып, халықаралық сертификаттау жүйелерінде аккредиттелу бағытында шаралар қолға алынған. Бүгінде ұлттық 18 талап бекітілген, 11 мемлекетаралық талап құрастырылып жатыр. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу