Қазақстандағы әрбір төртінші есепшот бұғатталған

361

Әділет министрлігі ұсынған мәлімет бойынша, банктерде бұғатталған шот саны 38 млн 500 мыңнан асып жығылады.  

Қазақстандағы әрбір төртінші есепшот бұғатталған

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының есебінше, бұл жеке тұлғалар есепшоттарының 26%-ін құрайды, деп жазады inbusiness.kz "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.

Уақытылы төленбеген несиенің зардабы осындай деуге болар еді. Алайда коммуналдық қызметтерге қарыз, сонымен бірге айыппұл сияқты өзге де берешек салдарынан есепшоттар бұғатталып жатады. "Ұлағат Консалтинг Групп" арнайы талдау жүргізіп, мәселеге үңілген болатын. Қорытындысы көңіл көншітпейді.

Мәселен, 2021 жылы 9 млн 400 мың есепшоттың операциясы тоқтаса, араға жыл салып мұндай шоттың саны 17 млн-нан асқан. Яғни, 82 пайыздық өсім байқалды. Ал былтыр бұғатталған есепшот саны 38,5 млн-ға жеткен. Яғни, 2 жыл бұрынғымен салыстырғанда 4 есе көп. Заңды тұлғалардың шоттарына тоқталсақ, былтыр 540 мың 700-і бұғатталды. Ұлттық статистика бюросы жыл басында мұндай 526 мың 300 есепшот барын айтады.

"Есепшоттың төрттен бір бөлігінің бұғатталғаны – экономикалық саясаттың тиімсіз жүргізілгендігінің көрсеткіші. Халықтың әл-ауқатын жақсарту басты мүдде екенін ескерсек, есепшоттың бұғатталуы қаржылық жағдайдың мүшкіл екенін білдіреді. Осы себепті инвестициялық климатты жақсарту қажет. Сонымен қатар жұмыс орындарын құрып, халықтың табысын арттыру керек. Шағын және орта бизнестің 2 млн 200 мың субъектісі бар дейміз. Оған дейін 1 млн 600 мың болатын. Жақсы көрсеткіш сияқты, бірақ 2 жылда 200 мың жұмыс орны ғана ашылды. Бұл бизнестің ұсақталуынан болып отыр. Яғни, шағын бизнес шығынын барынша азайтуға күш салды", - дейді экономист Марат Қайырленов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу