Жиын барысында Қазақстандық біріккен аралас жекпе-жек федерациясы президенті таңдалды. Аталған қызметке "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ басқарма төрағасы Алик Айдарбаев сайланды, деп хабарлады Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.
ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова елімізде аралас жекпе-жектің қарқынды дамып келе жатқанын, алдағы міндеттері туралы атап өтті.
"Олимпиадалық емес спорт түрлері дамып жатқан кезде спорттық федерациялардың жұмысын біріздендіру маңызды. Бүгінгі таңда елімізде бұқаралық спорт түрлері жақсы дамып келеді. Бұл бағытта аралас жекпе-жек федерацияларының басын біріктіріп оны басқарып отырған Ғалымжан Шахмарданұлының жұмысын атап өту керек",– деді Ақтоты Рахметоллақызы.
Өз кезегінде, Қазақстанның Жауынгерлік Өнер Ассоциациясы президенті Әнуар Төлеуханұлы еліміздің халықаралық спорттық имиджін қалыптастырудағы аралас жекпе-жектің маңыздылығын айтты.
"Бір жылда Қазақстандық біріккен аралас жекпе-жек федерациясы үлкен жұмыс атқарды. Осы орайда Ғалымжан Шахмарданұлы басқарған Федерация еліміздің халықаралық аренадағы имиджін лайықты тұрғыда көтерді. Еліміздің спортшылары халықаралық дәрежеде таныла бастады. Қазақстанның Жауынгерлік Өнер Ассоциациясы атынан Қазақстандық біріккен аралас жекпе-жек федерациясының бұрынғы басшылығына алғыс білдіріп, жаңа сайланған Алик Айдарбаевқа сәттілік тілеймін", – деді Әнуар Төлеуханұлы.