Қазақстандық бизнестің өзбек нарығына шығуы үшін қолайлы жағдайлар жасалады

181

Келісімнің міндеті – ТМД еркін сауда аймағының орнықты дамуын қамтамасыз ету. 

Қазақстандық бизнестің өзбек нарығына шығуы үшін қолайлы жағдайлар жасалады Фото: Владислав Воднев

Сенаттың жалпы отырысында Мәжіліс қабылдаған "Көрсетілетін қызметтердің еркін саудасы, инвестициялардың құрылуы, қызметі және жүзеге асырылуы туралы келісімді ратификациялау туралы" заң мақұлданды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Құжатты сенатор Серік Шайдаров таныстырды.

Келісімнің негізгі міндеттері ретінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының еркін сауда аймағының орнықты дамуын қамтамасыз ету, сондай-ақ ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің экономикасының одан әрі өсуі үшін қолайлы жағдайлар жасау белгіленген.

"Келісімнің тараптарына Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан Республикасы және Ресей Федерациясы кіреді. Қазақстан Республикасының Ресеймен, Қырғызстанмен, Армениямен және Беларусьпен қызметтерін сату шарттары Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде реттеледі. Тәжікстанмен қызметтер саудасы олардың Дүниежүзілік сауда ұйымы шеңберіндегі міндеттемелерінде көзделген шарттармен жүзеге асырылады. Өзбекстан Дүниежүзілік сауда ұйымының және Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі емес, сондықтан бұл келісім қазақстандық бизнестің Өзбекстан қызметтері нарығына преференциялық қолжетімділігін қамтамасыз етудің маңызды тетігі", - деді сенатор.

Келісім шеңберінде инвестор мен келісім тарапы арасындағы инвестициялық дауларды шешу тетігі көзделген. 

Серік Шайдаровтың сөзінше, инвестицияларды реттейтін Келісімнің ережелері инвестицияларды қорғау және көтермелеу туралы қолданыстағы екіжақты келісімдерді толықтыруға және дамытуға мүмкіндік береді, бұл өз кезегінде ТМД-ға қатысушы мемлекеттер арасында инвестицияларды өзара тарту үшін қолайлы жағдайларды дамытуға ықпал етеді.

"Сонымен қатар, Өзбекстан келісім шеңберінде заңгерлік, салықтық, бухгалтерлік, сәулет, инженерлік, Айти-қызметтерін, туризмді және басқа да бірқатар секторларды қоса алғанда, қызметтердің 54 кіші секторын ырықтандырады, бұл қазақстандық компаниялардың өзбек нарығына шығуы үшін қолайлы жағдайлар жасайды. Бұл ретте, Қазақстан – дәстүрлі түрде Өзбекстанға қызметтердің нетто-экспорттаушысы, мұның өзі қазақстандық қызметтердің жоғары сұранысқа ие екендігін куәландырады", - деді Сенат депутаты.

2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы қызметтер саудасының көлемі 916,8 млн доллар болды. Оның ішінде қазақстандық қызметтердің экспорты – 574,6 млн доллар, ал импорт – 342,2 млн доллар. 

Қазақстан қызметтердің нетто-экспорттаушысы мәртебесін сақтайды, ал экспорт құрылымы негізінен жеке және іскерлік сапарларды, сондай-ақ компьютерлік, бухгалтерлік және сәулет-инженерлік қызметтерді қамтиды.

Қызметтердің еркін саудасы туралы келісімнен күтілетін әсер:

  • қазақстандық қызметтер үшін өткізу нарығын кеңейту. Оның ішінде, өзбек нарығына қолжетімділікті оңайлату қазақстандық компанияларға көрші елде өзінің қатысуын кеңейтуге мүмкіндік береді, бұл қызметтер экспортының көлемін ұлғайтады;
  • сауданы ырықтандыру – импорт көлемінің өсуіне мүмкіндік береді, өзара сауданың көлемін өсіреді;
  • кедергілер мен әкімшілік шектеулердің төмендеуі бизнестің көршілес нарыққа белсенді шығуына мүмкіндік береді. Бұл қызмет көрсету саласына инвестициялардың өсуіне ықпал етеді.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу