Қазақстандық мамандар Австралияның мал шаруашылығын дамытудың озық әдістерін зерделеді

372

Қазақстандық делегация мал шаруашылығын жүргізудің озық әдістерін зерттеу үшін Австралияға барды. 

Қазақстандық мамандар Австралияның мал шаруашылығын дамытудың озық әдістерін зерделеді Фото: primeminister.kz

Делегация құрамында агробизнес, ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері, Түркістан, Қостанай, Алматы мен Жетісу облыстары әкімдіктерінің басшылығы болды. Делегацияны Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин бастап барды.

Австралия – жаһандық экспорттаушы: қой еті экспортының үлесі бойынша – бірінші орында, ал сиыр етінің экспорты бойынша – екінші орында. Онда 100-ге жуық өнім жеткізу нарығы бар. Бұл ретте ауыл шаруашылығына мемлекеттік қолдау көрсетілмейді. Қазақстандық мамандар австралиялық фермерлер мал шаруашылығы саласында осындай экономикалық табысқа қалай қол жеткізгенін анықтады.

Бірінші кездесу "Оңтүстік Австралияның мал шаруашылығы" ірі салалық ұйымымен, MLA (Meat and Livestock Australia) тең құрылтайшысымен өтті, соңғысы Оңтүстік Австралиядағы 3,5 мыңнан астам сиыр және қой етін өндіруші, сондай-ақ 6 мың қызыл ет пен жүн өндірушінің мүдделерін қорғайды. Ұйым ет және жүн өнеркәсібінің тұрақтылығы мен өнімділігін арттыру мақсатында жұмыс істейді, өндірушілердің мүдделерін қорғайды, оларды оқытумен айналысады, арнайы қорды басқарады. Қауымдастық өкілдері ұлттық және өңірлік деңгейдегі фермерлерді қолдау шаралары мен міндеттелген алымдар, жұмыс істеу әдістері туралы айтып берді. Биоқауіпсіздік пен малды бақылау – бірінші орындағы мәселе.

Қазақстандық мамандарды ауыл шаруашылығын жүргізудің озық әдістерімен таныстыру халықаралық оқу орталығында, Аделаида университетінің Roseworthy кампусында жалғасын тапты. Университет құрғақ климатта ауыл шаруашылығын жүргізуге маманданған. Roseworthy кампусы – Оңтүстік Австралиядағы жануарлар мен ветеринарияны зерттеудің негізгі орталығы. 1,6 мың га аумақты алып жатыр. Онда студенттерге бірден практикалық тәжірибе алауға мүмкіндік беретін арнайы ферма бар.

Профессор Вейн Питчфорд қазақстандық фермерлер мен делегация мүшелеріне Австралияда куыл шаруашылығын жүргізуге ғылыми көзқарас туралы айтып берді. Оның айтуынша, жауын-шашын картасы – қай штатта қандай дақыл мен мал түрін өсіру қажеттігін анықтайтын бірден-бір фактор. Ірі қара мал теңіз жағалауына жақын жерде өсіріліп, бордақыланады, ал қойлар құрғақ жерлерде, астық дақылдары су қажеттілігін қанағаттандыра алатын жерлерде өсіріледі.

Сондай-ақ қазақстандық делегацияның назарына Австралиядағы ауыл шаруашылығы жануарларын қадағалаудың электрондық жүйесінің тиімділігі, оның дұрыстығы мен толық биоқауіпсіздігін қамтамасыз ету кірді.

 Австралияда халықаралық эпизоотиялық бюрода тіркелуге жататын адам үшін қауіпті мал аурулары (аусыл, бруцеллез, сібір жарасы және т.б.) мүлдем кездеспейді. Тек кейбір аймақтарда жылқылардың құтыруына ұқсас вирус бар. Алайда вакциналаудың арқасында індет толық ауыздықталады.

Биологиялық қауіпсіздіктің бұл деңгейіне көбінесе жануарларды сәйкестендіру мен қадағалаудың электронды жүйесі арқылы қол жеткізілді. Әрбір фермердің, әрбір қасапхананың, бордақылау алаңының жеке сәйкестендіру нөмірлері болады, оларға өз кезегінде жануарлардың нөмірлері бекітіледі және олардың барлық қозғалысы тіркеледі. Бүгінде электронды биркалаумен Австралияның ірі қара малының барлық табыны қамтылған, ұсақ мал – визуалды түрде бақыланады, алайда, 2025 жылға қарай барлық мал басы электрондық жүйеге енгізіледі деп жоспарланған. Австралиялық мамандардың айтуынша, мұндай жүйе ветеринария үшін өте маңызды, өйткені жануар ауырған жағдайда оны оңай оқшаулауға болады.

 "Австралияда жеке және мемлекеттік ветеринарлық қызметтер арасында нақты айырмашылық бар. Жекеменшік ұйым маманы малды тексеруге және емдеуге жауапты және фермерлердің шақыруы бойынша жұмыс істейді. Ал, мемлекеттік ветеринарлық қызмет Австралиядағы қауіпсіздікті қадағалауға және халықаралық нарықтардағы сұраныстарды бақылауға жауапты. Сондай-ақ ірі көлемде індет орын алған жағдайда ветеринарлар ауру себептерін тексеруге де қатысады. Бізде ХЭБ-те тіркелетін аурулардың жоқтығына қуанамыз. Менің ойымша, Австралия континент болғандықтан және тарихи тұрғыдан жануарлардың ауруларын бақылау бізге оңай болды. Бұл үшін бізде барлық әдістер бар", – деді Қазақстан делегациясына Аделаида университетінің профессоры Шон Миллер.

 Мұндағы мал шаруашылығы өнімдерінің бағасы толығымен нарыққа негізделген, баға құбылмалылыққа ұшырайды, өйткені олар ауа райы жағдайына да байланысты. Жалпы алғанда, салаға климаттық құрғақшылықтың жалпы тенденциясы әсер етеді: шаруашылықтарды ірілендіру үрдісі байқалады.

 "Австралияда болғанымызда біз мал шаруашылығын тиімді дамыту әдістерін зерттедік. Әлемдік экспорт нарығындағы бәсекелестік жоғары және Қазақстан өз орнын алуы үшін біз еттің өзіндік құны төмен мал өсіруіміз керек. Біз бұл елде ауылшаруашылық жануарларының тарихын толық бақылауға болатынын көреміз: төл алған және сәйкестендіру сәтінен бастап мал биржасында сатуға немесе союға дейін қойылған. Біздің республикада малды өткізу, сатып алу, әкету, әкелу және т.б. кезінде карантинге жатқызу ережелері қолданылады. Бұл жерде мұндай жағдайларда карантин жоқ", — деді Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин.

"Қайып-Ата" ЖШС басшысы, кәсіпкер Сырым Ерсаев австралиялықтар мал шаруашылығы жүйесін мал сатып алу-сатудың барлық кезеңінде зардап шекпейтіндей етіп құра алғанын атап өтті.

"Егер сатушы мал базарға 100 бас әкелсе, онда базар иелері оларды қабылдайды, су, жем береді, өлшейді, адамдарға сатады – бүкіл процеспен айналысады. Малды тасымалдау компаниясы жеткізеді. Біз олардың технологиясын көрдік және осындай орталықты салуды жоспарлап отырмыз. Қазіргі уақытта барлық ұсынылған мал семіз. Бізде осы тәжірибені үйрене аламыз. Бізде өзен-көлдер де, таулар де, жер, жайылым да бар. Сіз барлық жағдай жасай аласыз. Қазір етімізді көршілес Өзбекстанға, Қытайға, араб елдеріне экспорттап жатырмыз. Егер біз олардың технологиясын қабылдайтын болсақ, көлемді арттырамыз", – деді Сырым Ерсаев.

 Қызыл ет пен дәнді дақылдар – Австралиядағы ауыл шаруашылығының ең тиімді бағыттары. Жыл сайын дәнді дақылдар сату шамамен $13 млрд-қа бағаланады. Австралияда 22 мыңға жуық компания өсімдік шаруашылығымен айналысады, егіс алқабы – шамамен 20 млн гектар, негізінен бидай, арпа, рапс, сұлы, жасымық, бұршақ өсіріледі. Астық өнімдерінің 65%-ы экспортқа шығарылады. 2023 жылы бидай жинау шамамен 25 млн тоннаны, арпа – 10 млн тоннаны құрады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу