Қазақстандықтар акциялармен жиі сауда жасай бастаған

769

Еліміздегі жұмыс істейтін халықтың 2%-ы бағалы қағаздар нарығында сауда шотын ашқан.

Қазақстандықтар акциялармен жиі сауда жасай бастаған

2021 жылғы маусымда биржадағы белсенді шоттардың саны 9 мыңға жетті. Бұл рекордтық көрсеткіш болып саналады, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы finprom.kz-ке сілтеме жасап.

Биыл 1 шілдеде бағалы қағаздардың орталық депозитарийінде бөлшек инвесторлардың 176,5 мың сауда шоты ашылған. Бұл жылдың басымен салыстырғанда 36,5%-ға артық. Мысалы, 2020 жылы жеке тұлғалар ашқан шоттар саны айтарлықтай көп болмаған. Алайда кейін қарқынды өсу тіркелді. 2021 жылы халықтың бағалы қағаздар нарығына қызығушылығы едәуір артты. Қазір жұмыспен қамтылған халықтың 2%-ында сауда шоты бар.

Қазақстанда бағалы қағаздар нарығына бөлшек инвестициялау енді дамып жатыр. Бұл нарыққа қазақстандықтар қызыға бастаған.

Бөлшек инвесторлар санының қарқынды өсуі бірнеше фактормен байланысты. Коронавирус пандемиясы және карантин шектеулері іскерлік белсенділіктің төмендеуіне ықпал етті. Бұл бизнестің белгілі бір түрлерінің қызметін тоқтатып қана қоймай, салаға жаңа кәсіпкерлердің келуін азайтқан. Мұндай жағдайда тұрғындар инвестициялаудың баламалы жолдарын ойланатыны белгілі.

Бүгінде қазақстандықтар акция нарығына айтарлықтай қызығушылық танытып отыр. 2021 жылғы 6 айдың қорытындысы бойынша акциялардың қайталама нарығындағы инвесторлардың басым бөлігі жеке тұлғалар – 46,7%. Тұрғындардың салаға қызығушылық танытуының тағы бір дәлелі акциялар нарығындағы белсенді инвесторлар санының өсуі болып саналады. Биыл олардың орташа саны айтарлықтай өскен, ал маусымда белсенді шоттар саны 9 мыңнан асқан.

Бөлшек инвесторлар санының өсуін ескеріп, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ФРҚРА) сенімсіз делдалдардың алаяқ әрекеттерінен инвесторларды қорғау жұмысын күшейткен. Агенттік сертификатталған қатысушылармен ғана жұмыс істеуге кеңес береді.

Қазіргі таңда елімізде инвестициялық портфельді басқаратын 19 сертификатталған ұйым жұмыс істейді. Алайда бөлшек инвесторлар арасында танымалдары аз. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, 2021 жылғы жазда қосалқы шоттың (субсчет) 91,1%-ы төрт депоненттің клиенттеріне тиесілі. Олардың басым бөлігі "Фридом Финанс", әрі Halyk Finance, "Қазпочта" және CAIFC INVESTMENT GROUP үлесінде. Мұндай шоғырланудың негізгі себебі – компаниялардың беделі және қаржылық тұрақтылықпен байланысты.

Мысалы, жоғарыда аталған 2 компанияның тұрақтылығын халықаралық агенттіктер жоғары бағалаған. Биыл маусымның соңында S&P Global Ratings рейтинг агенттігі "Фридом Финанс" АҚ ұзақ мерзімді кредит рейтингін "B−"-ден "B"-ге дейін көтерген, болжам "Тұрақты". Ұлттық шкала бойынша рейтинг "kzBB"-ден "kzBB+"ке дейін көтерілген. 13 сәуірде Fitch агенттігі Halyk Finance компаниясының рейтингін "ВВ+"-ден "ВВВ−"-ге дейін көтерді, болжам "Тұрақты".

Сонымен қатар коронавирус пандемиясы кезінде қор нарығында жұмыс істейтін компаниялар барлық процесті цифрландырған. Бұл клиенттер үшін өте ыңғайлы. Инвестициялау процесі 10-15, тіпті 3-4 жылмен салыстырғанда айтарлықтай жеңілдеген. Бұрын құнды қағаздар нарығында сауда жасау үшін брокерлік шот ашу, платформаны орнату, сертификаттарды жүктеу, логин мен құпия сөзді (пароль) енгізу керек болатын. Ал қазір банктер мен инвестициялық компаниялар бұл рәсімді айтарлықтай жеңілдеткен. Олар ыңғайлы қосымшалар жасаған: енді смартфон экранын бірнеше рет басу арқылы акцияларды сатып алуға болады. Брокерлік шарттар жасау мобильді қосымша арқылы биометриялық сәйкестендіру арқылы жүргізіледі.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу