Астанада "Жаңғырту 3.0: Рухани жаңғыру" тақырыбында сарапшылар кездесулерінің тобы аясында ІІ халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференцияға қатысушылар "Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет" жобасын талқылады, сондай-ақ Үшінші жаңғырту мәнмәтініндегі әлеуметтік-саяси трендтерді қарастырды, деп хабарлайды primeminister.kz.
Спикерлерге сөз бермес бұрын конференцияның модераторы - Еуразиялық ықпалдастық институтының директоры Ғани Нығыметов бүгінде институттың қоғамдық сананы жаңғырту мәселелері бойынша бірқатар зерттеулерді іске асырып жатқандығын баса айтты.
Атап айтқанда, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының өзекті мәселелері бойынша қоғамдық пікір зерттелуде, мемлекеттік коммуникативтік саясат мәселелері, сондай-ақ жаңғырту үдерісі талдануда. Аталған әлеуметтік зерттеулер президент жариялаған қоғамдық сананы жаңғырту үдерістерін халықтың қолдайтынын көрсетеді.
Осылайша, сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 80% астамы Қазақстанның одан әрі ілгерілемелі дамуы үшін қоғамдық сананы жаңғырту қажет деп есептейді. Олардың пікірінше, өз мәдениетін, жеке ұлттық кодын сақтау жаңғыртудың табыстылығының басты факторы болып табылады. Сауалнамаға қатысқандардың 79% өз өмірлерінің маңызды компоненті ретінде отбасында қалыптасқан ұлттық салт-дәстүрді ұстануды атады.
Құндылықтардың алғашқы үштігіне азаматтық бейбітшілік пен келісім, этносаралық қатынастардағы үйлесімділік, Қазақстан халқының қонақжайлылығы мен ақкөңілдігі кірді.
Аталған жобаны іске асыру барысы туралы ақпаратты ҚР президенті жанындағы қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру бойынша Ұлттық комиссияның хатшысы, жобаның жұмыс тобының жетекшісі, президент әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева ұсынды.
"Рухани жаңғыру" бағдарламасы құндылықтарды басқарудың ауқымды үдерісі болып табылады. "Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет" жобасы онда ерекше орынға ие, себебі дамудың құндылықтарымен тікелей байланысты. Оның басты міндеті қазақстандық мәдениеттің жетістіктерін көру, бағалау және әлемге көрсету", — деп түсіндірді Аида Балаева.
Ол қазір жұмыс тобы үздік шығармалар мен орындаушыларды іріктеудің ақтық кезеңіне жеткенін атап өтті. Оның айтуынша, оның алдында үлкен жұмыс атқарылды. Тәуелсіздік жылдарында алғаш рет мәдени жетістіктерді түгендеу жүргізілді, отандық мәдениеттің алтын қоры жүйелендірілді.
"Жоба біздің мәдениетіміздің жаңаша өрлеуіне жол ашатын өзінше бір мүмкіндік болып табылады", — деп баса айтты Аида Балаева.
Ол мәдениет, өнер және спорт салаларының алдында тұрған міндеттерге, ұлттық сананы қалыптастыру, нығайту және сақтаудағы оның гуманитарлық, мәдениеттану және саяси рөліне жете тоқталды.
Бұдан өзге, конференцияда ҚР СІМ халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы Талғат Жұмағұлов, ҚР МСМ мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Алмаз Нұразхан, ҚР БҒМ ғылым комитетінің мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяған, ҚР МСМ Қазақ ҒЗИ бас директоры Андрей Хазбулатов, шетелдік сарапшы, "Назарбаев Университеті" профессорының ассистенті Чарльз Салливан, атақты мәдениеттанушы және сценарийші Зира Наурызбаева және басқа ғалымдар мен қоғам қайраткерлері сөз сөйледі. Конференцияға барлығы мемлекеттік органдардың, Қазақстан мен шет елдердің ғылыми және сарапшылық-талдау қауымдастығының 100-ден астам өкілі қатысты.