Қазақстандықтардың жаңа көлік тізгіндеуіне не кедергі?

316

Елдегі көліктердің жартысына жуығының зауыттан шыққанына 20 жылдан асқан.

Қазақстандықтардың жаңа көлік тізгіндеуіне не кедергі? Фото: Inbusiness.kz

Ал 3 жылға жетпейтін, су жаңа көліктердің үлесі небәрі 6 пайыз. Сәл ескілеу дегендердің саны 500 мыңға да жетпейді, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Қазақстандықтардың жаңа көлік тізгіндеуіне не кедергі?

Жандос Шүленовтың темір тұлпарын тізгіндеп жүргеніне жарты жыл болған. 2018 жылы шығарылған көлікті сонау Грузиядан 2 күн айдап әкеліпті. Ішкі нарықтан алғым-ақ келді, бірақ мәселемді ақша беріп немесе таныстар арқылы шешкім келмеді, дейді. Бізде жаңа көлікті, қолжетімді бағаға сол әдіспен ғана сатып ала алады екенсің.

"Үкіметтің тарапынан 4 пайыздық несиелендіру дейді ғой. Соған кезекке тұрдым. Онда да өзінің схемалары бар. Қарапайым халық ол жерден кредит алуы мүмкін емес. Онда да жемқорлық жүйе. Банктің системасы бар, таныспен ғана алады. Көзім жетті қалай алу керек. Мында ала алмаған соң Грузияға бару керек болды. Грузия елінде 10 мың долларға алдым, айдап алып келіп, есепке қойғанша 8 млн 300 ақшам кетті", - дейді қала тұрғыны Жандос Шүленов.

Ал шетелден өзің айдап әкелуге мүмкіндігің болмаса, алып-сатарлар арқылы алуға болады. Көлікті жеткізу мерзімі қай жақтан алдыртқаныңа байланысты. Мәселен, ең жақын деген Грузиядан машина 5-12 күн, Оңтүстік Кореядан 1 ай шамасында, АҚШ-тан 50-90 күнде жетеді. Бірақ сырттан тапсырыс беремін, деп алданып қалғандар да бар. Сондықтан тәуекелге бел бумас бұрын ақшаңызды сеніп тапсырып жатқан компанияны тексеріп алған жөн.

"Өзіңіздің қауіпсіздендіру үшін сақтандырылған, келісімшарт және тексерілген компания болуы керек. Тексерілген компаниялардың Қазақстанда филиалдары бар. Үлкен фирма бар, Дубайдан, Грузиядан болсын, Кореядан босын, жіберген фирмалардың Қазақстанда сенімді адамдары бар. Негізі тексерілген фирмаға барып, басқа мемлекеттен көпшілік таңдап, біреу арқылы, интернет арқылы тапсырыс беріп жатсаңыздар, офистарына барып тексеріңіздер. Офистарында қанша қызметкер жұмыс істейді, қай бағыт-бағдарда жұмыс істейді, қалай жұмыс істеп жатыр? Нақты жұмыс істеп жатқан компания болса, ол жерде клиенттік база болады. Соны қарап көріңіздер. Мүмкін таныстарыңыз болады", - дейді "Kazak Auto Logistics"  компаниясының директоры Шыңғыс Құдайбердиев.

Қандай әдіспен алдыртсаң да, мемлекетке төлейтін төлемдерің бастан асады, әр басқан қадамың үшін ақша шығарасың. Қосылған құн салығы, мемлекеттік баж, кедендік алым, сәйкестендіру сертификаты мен көптің қалтасын қағатын утильалым. Осының өзінде халық үшін ішкіден гөрі сыртқы нарық тиімдірек болып тұр.

"Ең сорақысы, таусылмайтын төлемнен арылу үшін шетелден алған автокөліктерін алдымен Қырғызстанға әкеліп тіркейді. Ол жақтағы төлем бізден 2 есе аз екен. Сосын Қазақстанға кіргізеді. Осылайша біз өз қолымызбен өзге елдің бюджетіне қаржы құйып отырмыз", - дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нартай Сәрсенғалиев.

Расында да Қазақстан автопаркіндегі көліктердің жартысына жуығының зауыттан шыққанына 20 жылдан асқан. Небәрі 6 пайызы 2020 жылдардан кейін шыққан темір тұлпарлар. Сәл ескілеу дегендердің саны 500 мыңға да жетпейді. Ішкі нарық ескі-құсқы көліктерге толып тұрғанда, халықтың сырттан іздемеске амалы бар ма, дерсің. Бірақ оны реттеуге мемлекет қауқарсыз, дейді мамандар.

"Былай ғой, кез келген елде өздерінің кәсіпкерлерін қолдайтын бағдарлама болады. Біздің еліміз біздің автоөндірушілерді қорғаймыз деген мақсатпен жаңағы утильсбор алғашқы тіркеу жарнасы бар. Солар қазір бізде өте қымбат болып тұр. Оның негізгі мақсаты  қазақстандық өндірушілерге қолдау көрсету. Соның арқасында біз қарапайым халық жақсы көлікке қол жеткізуіміз сәл қиындау болып тұр. Ондай дәл қазір қабылданады деп ойламаймын. Себебі бұны нарық реттейді, негізі. Мемлекет өз бетімен бірден жеңілдік жасап, көліктердің бағасын түсіруге бұйрық беріп, ондай ештеме істей алмайды", - дейді автосарапшы Оңғар Алпысбайұлы.

Қазір елімізде жыл сайын су жаңа көліктердің 100 мыңы сатылады. Яғни, 3 жылдың ішінде жоқ дегенде 500 мың көлік сатылса да, ішкі нарықты жаңарту бүгін-ертең, болмаса биыл-алдағы жылы шешіле қоятын шаруа емес сияқты. Демек, ел автопаркіндегі 4 млн көлік жаңасына алмасу үшін сырттан арзаны келіп, халыққа тиімді баға ұсынылуы тиіс. Әйтпесе, ескі машиналардың саны жылдан жылға көбейе беретін түрі бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу