"Қазақстанның аумағы Ресей-Еуразия аймағы деп кеткен": Депутат оқулықтардағы қателіктерге тоқталды

599

Осыған дейін оқулықта кеткен қателік жөнделе ме?

"Қазақстанның аумағы Ресей-Еуразия аймағы деп кеткен": Депутат оқулықтардағы қателіктерге тоқталды Фото: parlam.kz

Депутат Нартай Сәрсенғалиев қазіргі оқулықтарда жіберілетін қателіктерге тоқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Былай қарасақ, кітапты жазатын да, ұйымдастыратын да тұтас ұйымдарымыз бар, қадағалайтын мемлекеттік органдар бар. Бірақ қай сыныпқа нені жазу керегін әлі күнге дейін үйрене алмай келеді. Қателік кетеді, оқымаған нәрсені тестке береміз. Географиядағы өзгерістерге қатысты мәселеде жазулы тұр, картографикалық және  географиялық деректер базасы болады деп айтылды. Соған сәйкес бұған дейін оқулықта кеткен қателік жөнделе ме? Бұл туралы мен айтқан едім. 2017 жылы шыққан 7-сыныптың география пәнінің кітабында Қазақстан Республикасының территориясы Ресей-Еуразиялық аймағы деп көрсетіліп кеткен. Бұның себебін сұраған кезде Оқу-ағарту министрлігінің республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы "Бұлай жазылу себебі 2018 жылдан бастап БҰҰ Орталық Азияны тәуелсіз аймақ ретінде бөледі" деген түсінігін айтады. 2018-де оны бөлмейінше біз тәуелсіз екенімізді білмей келдік пе? 2025-2026 жылдағы оқу жылынан бастап оқулықты қайта басып шығарамыз дейді. Жарайды, шығарайық. Бірақ осы қателік қайталанбайтынына кепілдік бар ма?", - деді Мәжіліс депутаты.

Бұдан бөлек депутат ұсынылып отырған жаңа бағдарламада "Еңбек" пәнін таппағанын жеткізді. 

"Расымен де, қазір бізге түрлі ақпараттар келіп жатыр. "Еңбек" пәні мен "Бейнелеу өнері" пәнін біріктіріп, қайтадан "Көркем еңбек" пәні енгізіледі екен. Бұл рас па, жоқ па? Бұны енгізудің қандай қажеттілігі бар? Еңбек деген басқа нәрсе, бейнелеу өнері, сурет салу басқа нәрсе. Біріктірілетін болса бізде оған сабақ беретін мұғалімдер дайын ба?", - деді Нартай Сәрсенғалиев.

Ы.Алтынсарин Ұлттық білім академиясының вице-президенті Руслан Әділханұлының сөзінше, оқулық мәселесінде авторлардың жауапкершілігі өте өзекті мәселелердің бірі. 

"География пәнінің бағдарламасында "Қазақстанның дүниежүзілік аймақтық бөлінісіндегі орнын анықта" деген бір ғана мақсат тұр. Ол жерде Қазақстан Ресей аймағына жатады деген ешқандай ақпарат жоқ. Балалар картаға немесе басқа да дереккөзге қарап Қазақстан Орталық Азияға жататын мемлекет екенін анықтауы керек. Сондықтан мұнда авторлардың өздері мұқият болуы керек. Бағдарламада бір ғана оқу мақсаты тұр", - деді Руслан Әділханұлы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу