Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының (ҚДКБҚ) арнайы резерві – бұл өзіндік бір "қауіпсіздік жастығы" қызметін атқарады.
Банк таратылған жағдайда ол халықтың жинақ ақшаларын жойылудан қорғайды. 2023 жылдың 1 шілдесіне қарай арнайы резерв мөлшерінің рекордтық көрсеткіш – 1,1 трлн теңгеге жетті. Жыл басынан бері арнайы резерв 14,4%-ға, ал жылдық есепте 17,0%-ға өсті.
ҚДКБҚ арнайы резерві дегеніміз не?
Шын мәнісінде ол өзіндік бір "қоржын" рөлін атқарады және депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы банк (бұдан әрі – қатысушы банк) барлық банктік операцияларды жүргізу лицензиясынан айырылған жағдайда оның депозиторларына кепілді өтем төлеуге пайдаланылады. Осылайша арнайы резервтің барабар сипатта қалыптасуы депозиттерді сақтандырушының негізгі мақсаты болып табылады және оны азаматтардың банк жүйесіне деген сенімінің кепілі деуге болады.
Жинақталған қаражаттың жеткіліктілігі арнайы резервтің жеке салымшылардың қатысушы банктердегі жиынтық депозиттік базасына қатынасы бойынша сипатталады. Алғашқы жартыжылдықтың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 6,2%-ды құрады. Яғни заңнамада белгіленген 5%-дық деңгейден жоғары. Халықаралық тәжірибемен салыстырғанда Қазақстанда арнайы резервтің деңгейі мейлінше жоғары деңгейде.
Айталық, 2022 жылы арнайы резервтің деңгейі Еуроодақ елдерінде 0,3%-дан 2%-ға дейін болды, АҚШ-та оның нақты деңгейі 0,7%-ды, ал дамыған елдермен салыстырғанда банк секторы жоғары деңгейлі тәуекелге бейім тұратын ТМД елдерінде бұл көрсеткіш: Ресейде 0,3%-ды, Молдовада 0,9%-ды, Украинада 2,5%-ды, Қырғызстанда 3,0%-ды, Тәжікстанда 4,1%-ды және Өзбекстанда 2,7%-ды құрады.
Арнайы резервтің барабарлығының тағы бір көрсеткіші - оның елдегі Жалпы ішкі өнімге (ЖІӨ) қатынасы. Қазақстанда бұл көрсеткіш 0,9%-ды, Грекияда 2,1%-ды, Украинада 0,3%-ды, Мажарстанда 0,2%-ды құрайды. ЖІӨ-сі ең жоғары елдерде бұл көрсеткіш – АҚШ-та - 0,5%, Жапонияда - 0,9% және Германияда - 0,1%.
"Атап өту керек, Қазақстан мен басқа бірқатар елдер арасында арнайы резервтің деңгейі бойынша айырмашылықты экономикалық даму мен банк секторында жинақталған қауіп-қатерлердің әртүрлі дәрежеде екендігімен ғана емес, сондай-ақ проблемалық банктерді реттеудегі тәсілдердің ерекшеліктерімен де түсіндіруге болады. Бұл тұрғыда мысалы, Канада, АҚШ, Германия, Тайвань секілде мемлекеттерде ең кең тараған әс-тәжірибе – салымшыларға өтем төлеу емес, керісінше банкті сауықтырудың әртүрлі құралдарын қолдану немесе проблемалық банктің жеке салымшыларының депозиттерін басқа істеп тұрған сенімді банкке өткізу. Қазақстанда ҚДКБҚ-ның негізгі атқаратын қызметі – сақтандыру жағдайы туындаған кезде кепілдік берілген депозиттер бойынша кепілді өтемнің толыққанды және дер кезінде төленуін қамтамасыз ету", – деп хабарлады қор.
Осылайша 2021-2022 жылдар аралығында арнайы резерв деңгейінің кепілдік берілген депозиттер мен ЖІӨ деңгейіне қатынасы бойынша теріс үрдіс белең алды, яғни ол төмендеді. Ал бұл 2021 жылы жаңа сақтандыру жағдайлары бойынша жүзеге асырылған төлемдерге және 2022 жылы талап етілмеген кепілді өтем сомаларының БЖЗҚ-ға аударылуына байланысты болды. Міне, соған қарамастан, арнайы резервтің деңгейі әлі де заңнамада көрсетілген минималды деңгейден жоғары және әлемдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі болып саналады.