Қазақстанның киелі жерлерін тіркеуге шыққан экспедиция Алматыға келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ғалымдар барлығы 3000 шақырымды жүріп өтіп, Алматы облысының тарихи-мәдени ескерткіштерін және киелі орындары жайлы мағлұмат жинап келді.
"Мемлекет басшысының киелі жерлерінің картасын жасау туралы ұсынысы өте орынды. Өйткені, біздің сапарымызда туризм саласының қарқынды дамып жатқанын көрдік. Біздің сапарымызда Алматы облысының, қаласының тарихи мәдени нысандарын аралап, суретке түсіріп, нақты географиялық координаттарын түсірдік. Атап айтқанда, қала бойынша 30 нысан, облыс бойынша 29 нысан картаға енгізілді", - деді қазақ ғылыми зерттеулер және мәдениет институтының бас сарапшысы Түгелбай Бақбергенов.
Ғалымдар атақты "Есік қорғандары" музей-қорығы, Көлсай, Қайыңды, Шарын, Жаркент мешіті, Алтынемел, Алакөл, Талдықорғандағы музей, театр тағы басқа нысандарда болды.
Картограф Владислав Михеевтің айтуынша, сапар барысында екі картаға мағлұмат жинақталған. Біріншісі, тарихи-мәдени ескерткіштер, киелі орындар кіретін карта болса, екіншісі туристерге арналған виртуалды карта.
"Біз көбіне түнде жүріп, күндіз жұмыс жасадық. Өйткені, кейбір нысандарды күндізгі уақытта түсіру маңызды", - деді қазақ ғылыми зерттеулер және мәдениет институтының бас сарапшысы Түгелбай Бақбергенов.
10 күннен соң экспедиция мүшелері Қазақстанның басқа да өңірлеріне аттанады.
Айта кету керек, мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты бағдарламалық мақаласында көтерілген міндеттерді жүзеге асыру бойынша ұлттық комиссия жасақталған болатын.
Ұлттық комиссия отырысында киелі жерлердің жай-күйін анықтау үшін ғылыми экспедиция шығатындығы нақтыланған болатын.