Мәжіліс депутаты осы мәселе бойынша Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа депутаттық сауал жолдады. Оның айтуынша, "Экспресс Паблишин" баспасынан басылып шыққан оқулықта өрескел қателіктер өріп жүр, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"1-5 сыныпқа дейінгі ағылшын тілін оқытуға арналған оқулықтарға ҚР Білім және ғылым министрлігі оң сараптама берген. Бұл оқулықтар Jenny Dooley, Virginia Evans-тың авторлығымен "Экспресс Паблишин" баспасынан басылып шығыпты. Сыртқы мұқабасында аударылған деп жазылғанмен, аударма емес. 2016 жылдан бері осы баспаның Қазақстандағы ресми өкілі "EDU Stream" халықаралық білім беру компаниясының басшысы Наталья Мұхамеджанованың жетекшілігімен шығып отырған. Өзгешелігі – Қазақстан балаларының суреттерін пайдаланып тақырыпты ашуға тырысқан", – дейді депутат.
Кітаптың өне-бойынан қазақтың ұлттық ұғымына, дәстүрлі тәрбиесіне келмейтін, шет елдің идеологиясын насихаттайтын иллюстрациялар мен мәтіндерді көптеп кездестіруге болады екен. Оқушылардың патриоттық сезіміне селкеу түсіретін тұстар менмұндалап тұр. Атап айтқанда, екі-үш мемлекеттің туымен, сол елдерге тән ерекшеліктермен қойылған суреттерде Қазақстан туы үнемі төменгі жағына орналастырылған.
"Oқулықта өз еліміздің рәміздері неге жоғарыда тұрмайды? Ал енді мынаны қараңыз. Екінші сыныпқа арналған оқулықта ұлттық дәстүрдің қатарына пасха мен масленницаны енгізіпті. Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары деп жазылған тақырыпта шілдехана мен баланы қырқынан шығару сияқты салт-дәстүрдің жанында діни мерекелер неге жүр? 5 сыныпқа арналған кітапта елде жоқ аңызды ойдан құрап, екі алып баланың оқиғасын баяндайды. Ағасы мен інісі жайлы әңгімеде ағасы тастан көпір соғам деп еңбектенеді. Ал інісі екі жіпті ағашқа байлап алып ән айтып жүреді-міс. Ағасы неге маған көмектеспейсің деп ашуланып, інісінің қолындағы әлгі ағашты тасқа ұрып шағып тастайды дейді. Осыдан бастап інісі әнді қойып кеткен екен. Уақыт өте келе таста қалған ізді байқаған бір халық бұл музыкалық аспап екенін анықтайды. Домбыра содан шыққан деп түсіндіреді. Бұл аңызды естігендеріңіз бар ма? Жасалу уақыты 2 мың жылдан ары Кетбұғы шерткен "Ақсақ құланнан" бастап, Құрманғазы, Дәулеткерей салған күй дәстүрі бүгінде ғаламшарды аралап жүр. Халқымыз қашанда домбыраны үкілеп төріне ілген. Бұдан арғысын сөз қылудың қажеті шамалы", - деп кейіді депутат.
Осыған байланысты депутат Білім және Ғылым министрлігі білім бағдарламасына енгізген аталмыш ағылшын тілі оқулықтарын қайта сараптап, жіберілген өрескел қателіктерге жауапкершілікті күшейтуді сұрады. Сондай-ақ, оқулық әзірлеу оған сараптама жүргізу қағидаттарын жіті қарап, нормативтік-құқықтық актілердің талаптарын білім және тәрбие компоненттерінің тұтастығы аясында күшейту қажеттігін атап өтті.
"Оқулық құрастыруда басшылыққа алатын Үлгілік оқу бағдарламасына сараптама жасалып, бағдарлама әзірлеуші топтың құрамын қайта қарау керек. Сараптамалық комиисия құрамына тек ағылшын тілі мұғалімдері емес, балалар психологынан бастап, суретші педагог, этнограф, иллюстратор, қазақ тілі мамандары, әдебиетшілер тағы да басқа мамандарды енгізу қажет. Оқулықты басып шығаруда шетелдік емес, өз отандық баспаларымызды қарастыру керек", – деп түйіндеді депутат.
Аян Бекенұлы