Жуырда елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада қазақша-орысша-ағылшынша фразеологиялық сөздіктің таныстырылымы өтті, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Әдістемелік құралдың авторы – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, кәсіби аудармашы Камал Әлпейісова.
Бұл сөздік – мемлекеттік тілдің халықаралық деңгейде қолданылу аясын кеңейтуге арналған тың еңбек. Ол саясаткерлерге, журналистерге, ғалымдарға, ұстаздарға және тіл үйренушілерге қазақ тіліндегі фразеологизмдерді – мақал-мәтелдер мен тұрақты тіркестерді өзге тілдерде сауатты пайдалануға жол ашады.
– Әр адам ана тілін дамыту жолында өз үлесін қосады. Бірі ән жазады, бірі өлең шығарады, мен болсам тіліміздегі інжу-маржандарды – мақал-мәтелдер мен тұрақты тіркестерді әлемге танытқым келді. Алғашында қазақша-орысша сөздік жасаған едім. Ол 2006, 2011, 2016 жылдары жарық көрді. Кейін Америкада жүргенімде, жастардың "біздің халықта осындай мақал бар, ағылшынша қалай айтсақ болады екен?" деген сұрағы маған ой салды. Осылайша үш тілді сөздік жасау идеясы туды, – дейді автор Камал Әлпейісова.
Кітаптың қазақша-орысша бөлігін автордың өзі жазса, ағылшын тіліне аударманы оның шәкірті – Ұлыбританиядағы Норвич университетінің түлегі Мерей Мәлікова жасаған.
Фразеологиялық сөздік тіл үйренушілердің сөз байлығын арттырып қана қоймай, шешендік қабілетін дамытып, үш тілде еркін сөйлеу дағдысын қалыптастырады. Қазіргі таңда кітап 2000 данамен басылып шықты, ал онлайн нұсқасы әзірлену үстінде.
Айта кетерлігі, сөздікке қазақ тіліндегі 1001 фразеологизм енген. Олар кең таралуы, мән-мағынасының тереңдігі мен халық арасындағы жиі қолданылуы секілді критерийлер бойынша іріктелген.