Түтіннің "Қазфосфат" ЖШС-нің "Минералды тыңайтқыштар зауытынан" шыққаны кейін белгілі болды. Ал кәсіпорын басшылары газ шығарындылары туралы мәлімдемені бүгін ғана жасап отыр.
Зауыт басшылары арнайы мамандардың көмегімен жүргізген талдау нәтижелері ауадағы ластаушы заттардың шекті рұқсат етілген концентрациясынан аспағанын анықтадық деп отыр. Жамбыл облысы бойынша экология департаментінің зертханасының шығарындылардың негізгі көздеріне жүргізген зерделеу кезінде көміртегі тотығы, азот оксиді, аммиак, фторлы сутегі сияқты ластаушы заттардың құрамы шекті рұқсат етілген концентрация мөлшерінен аспаған деп мәлімдеді.
Жүргізілген зерттеулердің қорытындысын Жамбыл облыстық экология департаменті кеше түнде мәлімдеген болатын. Департамент мамандары өлшеу қорытындысы бойынша ауаға тараған қою түтін құрамында зиянды қосылыстар болмағанын жариялады. Ауаға таралған аммиак пен күкіртті сутегі шекті рұқсат етілген концентрация мөлшерінен аспағанын, алайда фтор қосылыстарының аздап жоғарылауы байқалғанын айтқан.
Ал бүгін нақты уақыт режиміндегі автоматтандырылған бақылау жүйесінің көрсеткіштері бойынша негізгі шығарындылар көзінде (БГС бөлімі) фторид сутегінің артық мөлшері тіркелмеген деп мәлімдеп отыр.
"11 шілде күні сағат 20.00 шамасында "Қазфосфат" ЖШС "Минералды тыңайтқыштар зауыты" Тараз филиалының күкірт қышқылы цехында абсорбердің моногидратты сорғысы (тазартудың екінші сатысы) істен шығып, соның салдарынан түтіндік газдың қысқа мерзімді шығарылуы орын алды. Сағат 20.15-те осы цехтың жұмысшылары зауыттың диспетчерлік пункті мен цех басшылығына хабарлап, цех жұмысын шұғыл тоқтатты", – дейді серіктестік басшылығы.
Ардақ Үсейінова