Мәдениет және ақпарат вице-министрлігі Кеңес заманындағы кейбір мультфильмдерді қазақ тіліне аудару мәселесін қарастыруға дайын. Бұл туралы вице-министр Қанат Ысқақов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Депутат осы мәселеге қатысты сұрақ қойды. Кейбір Совет дәуірінде шыққан мультфильмдер біздің адами, этикалық қағидаларымызға қайшы келмейді. Сондықтан оны аударуға мүмкіндік бар, қажет болса аударамыз. Оған аса үлкен қаражат кетпейді. Онсыз да шетелдік контентті аударып жүрміз, бұл қыруар ақшаны талап етпейді. Өзіміздің бекітілген бюджет аясында жүзеге асыруға дайынбыз", - деді Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов.
Ведомство өкілі бұл бүкіл мультфильмдерге қатысты емес екенін айтты.
"Мен барлығын деп айтып жатқан жоқпын. Іріктейміз, барлығымыз талқылаймыз. Мүмкін қоғамдық кеңес өтеді. Бұл Совет дәуіріндегі анимациялық контент салт-дәстүрімізге, болмысымызға сай келетін болса ғана. Бас салып, бәрін аудару деген сөз емес", - деп нақтылады министрлік өкілі.
Айта кететіні, депутат Жанна Асанова Сенаттың жалпы отырысында кеңестік мультипликациялық фильмдерді мемлекеттік тілде ретрансляциялау мәселесін көтерген болатын.
"Менің ойымша, сол замандағы мультфильмдер еңбек, жақын жандарды құрметтеу, Отанды сүю сияқты құндылықтарға сәйкес келеді. Біз бұл бағытта жұмыс істейтін боламыз. Ретрансляциялау емес, архивтегі мультфильмдерді мемлекеттік тілге аударуды жүргізетін боламыз. Оларды әлеуметтік желілердің жұмысында күшейтеміз. Себебі өскелең ұрпақтың негізгі бөлігі әлеуметтік желіде отырады. Аудару мен дубляждау мәселесін бақылауға аламыз", - деп жауап берді Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов.