Кентау қаласында полиэтиленді труба шығару цехі жұмысын бастады. Жобаның құны – 600 млн теңге, деп хабарлайды өңірлік коммуникациялар қызметі.
Кәсіпорын жылына 1500 тонна труба шығаруға қауқарлы. Онда бүгінде 50 адам жұмыспен қамтылған. Аталған цех қаладағы тоқтап тұрған бұрынғы "Бетонзавод" ғимаратын сатып алып, құрал-жабдықтар орнату жұмыстарын жүргізіп, жобаны іске қосқан.
Алдағы уақытта аталған ғимараттың ішінде компания – "АБН Альянс" ЖШС радиатор шығару цехын іске қосуды жоспарлауда. Жобаның құны – 1 млрд 200 млн теңгені құрамақ. Жоба толық іске асса, жылына 600 мың дана радиатор шығарылады деп күтілуде. Мұнда да 50 адам жұмыспен қамтылатын болады.
Бұдан бөлек, мұнда темірбетон шығару цехын ашу көзделуде. Жобаның құны – 200 млн теңге. Кәсіпорында жылына 13500 мың дана темірбетон шығарылмақ.